Қазақстанда пойыздардың кешігуі жиіледі

Қазақстандықтар пойыздар кешігіп жүреді деп шағымданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Теміржолдарды жөндеу жұмыстары жұртқа біраз қолайсыздық тудырды. Діттеген жеріне жету үшін кейбіреулер көлік түрін ауыстырып жатса, басқалары пойызын бірнеше сағат күтуге мәжбүр.

Вокзалда сағаттап отырып пойыз күту үйреншікті жайтқа айналды. Өйткені теміржол көліктері жиі кешігетін болған. Олқылықтардың орнын толтырып, қолайыздықтар үшін кешірім сұрап жатқан ешкім жоқ. Қарапайым халық болса алтын уақытымен қатар, ақшасын жоғалтып жолда жүр.

Шағым көп, - дейді республикалық тұтынушылар қауымдастығы. Күн сайын 30-дай адам осындай проблемамен келеді. Олардың дені пойызды күткен әрбір сағат үшін билет құнының 3% көлемінде өтемақы бар екенін білмейді. Бұдан бөлек, егер рейс 6 сағаттан артық уақытқа кешіксе, заң бойынша жолаушыларға ыстық тамақ пен тұратын жер берілуі керек.

Тұрсын Джагпарова, «Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары:

- Егер тұтынушы  қызмет көрсетушінің кінәсінен мұндай жағдайға тап болса,  одан әрі ол сапардан бас тартады. Сосын вокзал немесе станция бастығына, сол мекеменің кез келген өкіліне барып, өтініш жазады, Оған растау парағы беріледі. Соның негізінде ол кассаға барып, ақшаны дереу қайтаруды сұрайды. Бұл жерде 10 күн ішінде қайтарылады деген түсінік жоқ. Сол сәттте бәрі берілу керек.

Жүк таситын эшелондарды өткізу үшін жолаушылар пойызын тоқтатып қоятын кездер болады. Сарапшылар осылай дейді. Олардың айтуынша, пойыздардың кешігуі бір есептен осы жүк тасымалының артуымен байланысты. Бұрынғы теміржол қызметкері, қазіргі сенатор Геннадий Шиповских жүк вагондарына қосымша жол салу арқылы мәселені шешуге болады дейді.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Әрине, бұл жерде түрлі мәселе бар, біріншіден, біздің теміржол желісінің аздығы. Одан бөлек, біз қазір жақсы білеміз, жүк тасымалына көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Жүк тасымалына неге көбірек мүмкіндік береміз? Өйткені оған біріншіден бюджетке, Ұлттық компанияға түсім көбейеді. Қай бағытты алсақ та, үлкен бір кептеліс. Ол жолды жөндеуге байланысты. Жолдың қазіргі кездегі сапасының төмендеп, ескіргені және қосымша жолдардың жоқтығы.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәлімдеуінше, жолаушылар пойызының кешігуіне жүк вагондарының еш қатысы жоқ. Рейстердің кешігуі тек теміржол жөндеумен байланысты. Жұмыс наурыздан бері жүріп жатыр.  Мамандар Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің учаскелерінде жолды күрделі және орташа жөндеуді аяқтаған.

Ербол Сәулебеков, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Жолдар мен құрылыстар департаментінің бас менеджері:

- Қазіргі таңда мына Қарағанды жол бөлімшесінің аймағында бұл учаске, Астана мен Алматының ортасында, барлықтарыңыз білесіздер, 2000-шы жылдардың ортасында барлық жұмыс бір уақытта істелді. Сол жолдарды жаман балшықтардан тазалау жұмыстары жүріп жатыр. 4 тәулік бізде жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жолды жасағанға дейін де бізде ескертулер тұрды. Яғни, жолдың ақауына байланысты кейбір шектеулер болды. Қазіргі таңда ол шектеулердің барлығын алу үшін біз барынша жұмыс істедік. Маусым айынан бастап жолаушылар пойзы кешікпейді деген сенім білдіреміз.

Ақпарға қарағанда, жолаушылардың біразы әлі де сапарынан кешігетін түрі бар. Өйткені биыл мың шақырымнан астам теміржол желісі жөнделеді. Қазір мұндай жұмыстар жеті өңірде тәулік бойы жүріп жатыр. Ал компания қазақстандықтардан пойыздардың кешігуіне түсіністікпен қарауды сұрайды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Динара Абдирова, Руслан Алиев.