Елдегі МӨЗ «Джет- А1» авиаотынын өңдеуге дайын

Елдегі мұнай өңдеу зауыттары «Джет- А1» авиаотынын өңдеуге дайын.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл маркалы авиакеросин, ұшақтардың жұмысын жақсартуға әсер етеді.

Сондай-ақ "Джет - А1" авиа-отынының өрт және жарылу қаупі төмен. Авиация саласындағы осы және өзге де өзекті мәселелер, Елордада өткен "1-ші авиациялық келіссөздер" алаңында талқыланды.

Форумда Орталық Азия елдерінің транзиттік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Ұшақтардың әуеге ұшқанда және жерге қонғанда ауаны ластаушы газдың көп мөлшерде бөлетіні белгілі. 2030 жылдан бастап халықаралық әуе тасымалдағыш компаниялар қоршаған ортаға ластаушы газдарды аз бөлетін САФ био-авиа отынына көшуге міндеттелді. Ал бұл САФ, Джет А1 авиаотынымен араластыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Осыны ескерген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, Джет А-1 маркалы авиакеросинін өңдеу керектігін айтып отыр.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Біздің 3 мұнай өңдеу зауыты Джет А-1 авиакеросинін шығаруға дайын. Біздің дайын емес тұрған – аэропорттағы инфраструктура. Джет А-1 авиакеросинді біздің қолданыстағы ТС пен РТ маркалы авиакеросинді бір резервуарларды араластыруға болмайды. Сондықтан оған арнайы бөлек резервуарлар салынуы керек.

«ҚазМұнайГаз» мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарынан кейін авиаотын өндіру көлемін 2 жарым есеге арттырды. Ал қазіргі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын ұлғайту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Жаңғырту жұмыстарына дейін біздің үш Мұнай өңдеу зауыты 300 мың тоннаға жуық авиакеросин шығарған. Қазір 660 мың тоннаға дейін қол жеткіздік. Осы 2022 жылғы нәтижелері бойынша жалпы тұтыну көлемі 830 мың тоннаны құрады. Біздің басты мақсатмыз, басты міндетіміз осы елдегі бар барлық пассажирлық авиакомпанияларды авиакеросинмен толықтай қамтамасыз ету.

1-ші авиациялық келіссөздер аясында осы саладағы өзекті мәселелер талқыланып, бірқатар шешім қабылданды. Қазақстандық және халықаралық авиация нарығындағы компаниялар өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Серік Қоңырбаев