Шығыста компаниялар коммуналдық тарифтерді көтеруді көздейді

Шығыс Қазақстан облысында сегіз компания коммуналдық тарифтерді көтеруге өтініш берді.

Олар қызмет ақысын 4 пайыздан 30 пайызға дейін қымбаттатпақ. Осыған орай жергілікті жылу энергетика орталығы, жылу желілері және су арналарының мамандары, алдағы жылға арналған міндеттермен, жоспарлар жайында мәлімдеді. Қазір бұл мәселе қоғам өкілдерімен талқыланып жатыр. Жаңа тарифтен түскен қаржы қалалық жылу электр орталығындағы төрт қазандықты толық жөндеуге жұмсалады. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңге қажет. Өскемен су арнасы да осындай механизм арқылы жыл сайын 30 шақырымға дейін жүйені жаңартпақ. Себебі құбырларды пайдалану мерзімі 40 жылдан асқан. Жылу желілері де дәл солай. Жаңа тариф бекітілсе, энергетика саласында еңбек ететін, сегіз мың қызметкердің жалақысы да көтеріледі.

Арман Мәлік, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:

- Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазіргі таңда 8 табиғи монополия субъектісі аталған инвестициялық бағдарламаны өзгерту бойынша департаментке және жергілікті әкімдікке өтінім жіберді. Қазіргі таңда сол өтінімдерді қарау шеңберінде жергілікті тарифті қалыптастыру өңірлік комиссиясының отырысы өткізілуде бүгін. 

Асхат Бұқатов, Өскемен жылу жүйелері кәсіпорынының техникалық директоры:

- Біздің қосымша беріп отырған ремонттарымыз және бекітілген ремонттар бойынша, сонымен қатар бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен барлығы 2 пайызға дейін износты төмендетуге көмектеседі.