Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні: «АЛЖИР» азабын тартқандар

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Бұл күн 1997 жылдан бері аталып келеді. ХХ ғасырдағы осынау қайғылы кезеңде Қазақстанда 100 мыңнан астам адамға нақақтан нақақ жала жабылды. Олардың төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Елорданың іргесіндегі «АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінде саяси құрбандардың өмірі жайлы деректер топтастырылған.

Айжан Бірлікқызы, тілші:

- Тағдыр тауқыметін тартып, АЛЖИР-дің азабына түскендердің бірі   Марина Павловна. Тікенді сымның арғы жағындағы оның қасіретті тағдыры Ақмоладағы лагерде көрініс тапқан. Қыстыгүні әйелдер барақ тұрғызу үшін осы Жалаңаш өзенінің жағасына жеткізілген екен. Сол кезде ауыл балалары тұтқындарға тас лақтырған. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана әйелдер лақтырылған тастың құрт екенін байқайды. Қазір бұл өзен тартылып қалған. Алайда ана-әжелерінің көрген азабын балалары мен немерелері әлі күнге дейін естерінен шығармағанын айтады.

Юрий Биишев – 8 жыл лагерь тозағын көрген Марина Биишеваның немересі. Астанаға әжесі зардап шеккен жерді көру үшін арнайы келді. Юрийдің атасы Молотовқа қастандық жасау мақсатында террористік ұйым құрды деген айыппен сотталған. Ал Марина Биишеваға жұбайының сол әрекетін жасырды деген жала жабылады.

Юрий Биишев, Марина Биишеваның немересі:

- Шаруа отбасынан шыққандықтан, әжеміздің денсаулығы мықты болған. Соның арқасында ол аман қалды. АЛЖИР-ге қамалғандардың көбі қиындыққа шыдамай көз жұмды, - деп отыратын марқұм әжем.

«Халық жауының әйелі » деген жаламен АЛЖИР-ге қамалғандардың өмірі азапқа толы болды. Мәселен, 1940-1950 жылдар аралығында Қазақстандағы лагерьлерде 10 000-нан астам әйел о дүниелік болды.

Эльвира Саттар, «АЛЖИР» музейінің экскурсия жүргізушісі:

- Әйел адамды түнгі мезгілде алып келіп, аяқтарын жерге тиместей етіп отырғызған екен. Осындай жағдайда 10-13 сағат бойы отырған әйел адамның аяқ тамырлары ісініп, жарылып есінен танып қалатын жағдайға дейін жеткен. Ал кейін есін жинаған кезеңде осы үстелдің үстінде тұрған құжаттарға қол қою тиіс болған. Бұл құжатта сенің күйеуің халық жауы, ал сен отан сатқан отбасыдан шыққан әйел адам ретінде 5 жылдан 8 жылға дейін осы лагерьлерге қамаласын деген жазулар болған болатын.

Қазір мемориалды кешенінің аумағында орналасқан еске алу қабырғасына 7270 әйелдің есімі жазылған. Алайда бұл АЛЖИР-ге түскен қыз-келіншектердің толық тізімі емес. Себебі ресми деректерге сенетін болсақ, Ақмоладағы лагерьде барлығы 18 мыңнан астам әйел тұтқында болған.