Ақтөбеде сәбилер еңбектеп жарысты

Бүгінгі мереке – елге ортақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл, аудан, қалалар таңертеңнен бері балалардың қуанышына көзайым болып, қызығына тоймай жүр.

Ақтөбеде 6 ай мен 1 жас аралығындағы сәбилер еңбектеп жарысып, мерекенің көрігін қыздырды. Жеңімпаздар сыйлық алды. Одан үлкендері де мәре-сәре. Алды велосипедпен жүйткіп жүр.

Гүлдана Мұхамединова сәбиін жарысқа арнайы алып келген. Қаңтарда ғана еңбектей бастаған кішкентай Інжу анасының үмітін ақтады. 9 айлық қыз бала ширақ қимылдап 7 нәрестенің ішінен мәреге бірінші боп жетті. 

Гүлдана Мұхамединова, қала тұрғыны:

- Күшті, керемет сезім. Бірінші біздің жеңісіміз қызымызбен. Өте қуаныштымыз, ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет. Үйде күнделікті еңбектеу ғой. Жүруге тырысып жатыр. Талпыныс.  

Сәбилер арасында өткен еңбектеу жарысына қатысушылар көп болды. Алайда көпшілікті шарадан гөрі нәрестелердің тәтті қылығы қызықтырды. Бірі жылдам жылжып еңбектей кетсе, енді бірі орнынан қозғалмай отырып алды.

Велисипед мініп жүйткіген балдырғандардың да әрекеті қызықты әрі тартымды болды. Бүгінге дейін жарысқа қатысу үшін 70 баланың ата-анасынан өтініш түскен. Барлығы да бағын сынады.

Мереке күні балалар арналған арбаларды безендіру сайысы да көпшілікті таң қалдырды. Бірі киіз үйдің үлгісінде жасаса, енді бірі аққу, кеме, тіпті әскери техника тәрізді етіп шығарған. Үміткерлер арасынан үздіктерді таңдау ұйымдастырушыларға да оңай болмады.

Эльмира Салихова, қала тұрғыны:

- Негізі папасының өзі таңғы 5-ке шейін тек қана бірінші коробкадан жасап, әшекейлендіріп, бәрін дайындап, осы 2 күндік күн-түніміз кетті ғой. Қызымыз үшін естелікте қалсын деп шықты.

Сәбилер мен мектеп жасына дейінгі балаларға арналған іс-шара жыл сайын 1 маусымда дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жеңімпаздарға ойыншықтар, қоларба, және өзге де сыйлықтар табыс етіледі. Шараға қатысқан бала да, ата-ана да риза.

Заңғар Қосанов, қалаа тұрғыны:

- Кең болсын қазағымның керегесі, кетпесін Алла берген несібесі. Қазақтың ұл-қызына нәсіп еткен құтты болсын 1 маусым балалар мерекесі.

Жалпы бүгінгі мерекеге орай қаланың саябақтарында көпшілікке арналған шаралар ұйымдастырылды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.