«Ulytau zhastary»: 10 қатысушы баспаналы болды

Ұлытау облысында баспана тапшылығын жоюға бағытталған «Ұлытау жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл облыс әкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы.

Жасы 35-тен аспайтын мұғалімдер, дәрігерлер, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері тиімді шарттармен баспана алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгін жобаның алғашқы қатысушыларына тұрғын үй сертификаттары табысталды.

Құндыз Молдабекованың ұстаздық салада жүргеніне биыл 13 жыл. Бүгін ерекше бақытқа кенеліп, көптен күткен арманына қол жеткізді. «Ұлытау жастары» бағдарламасы арқылы баспана сертификатына ие болды.

Құндыз Молдабекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- 35 жасқа дейінгі жастарға осындай мүмкіндік болып жатыр дегенді естіп, осыған документ тапсырып, бағдарламадан өттім. Аз процентпен үй беріледі деген соң. Осыған дейін ағамның үйінде тұрғандықтан, өзімнің үйім болса деп армандап едім.

Жылдық үстемесі 5%-тен аспайтын, 20 жылға есептелген несиеге 350-ден аса үміткер болған. Бағдарлама басталғалы жолдама алған 53 жастың 29-ының төлем қабілеті расталып, несие шартын рәсімдеп жатыр. Солардың ішінде 10 қатысушы бүгін сертификат алды. Жоба талаптарына сай жанұялы, әлеуметтік осал және өңірде тапшы мамандық иелеріне баспана алуға басымдық берілді.

Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:

- Әсіресе ұстаздарға көбірек көңіл бөлініп отыр. Мектеп, колледж мұғалімдері қатысып жатыр. Өңірімізде әлі де мұғалімдер тапшы. Келесі жылы да бұл бағдарлама жалғасады. Коммуналдық кәсіпорын жұмыскерлерін, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызметкерлерді қосуды жоспарлап отырмыз.

Қолайлы баспана бағдарламасын жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, ал «Отбасы банкінен» 250 миллион теңге бөлінді. Жалпы «Ұлытау жастары» арқылы жыл соңына дейін 40-тан астам адам баспаналы болады. Бағдарлама әкімшісі – Қоғамдық даму басқармасы тиімділігін берген жобаны келер жылы да жалғастыруды жоспарлайды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.