Қызылордада балаларға арналған фотобайқау өтті

Қызылордада ерекше күтімді қажет ететін балалар арасында фотобайқау өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың ішінен суреті сапалы шыққан 45 балғын ойын-сауық орталығына жолдама алған. Ал үздік 10 бейнекадр иесіне қаржылай сыйақы берілді. Мерекеде арнайы инклюзивті үйірмеге қатысатын жас өнерпаздар ән шырқап, мерекенің шырайын ашты. Әзилә әжей осындай мәдени шаралар, аралас-құралас ойындардың арқасында 9 жастағы немересінің тілі шыққанын қуанышпен жеткізді.      

Әзилә Қалымбетова, қала тұрғыны:

- Балалардың қатарына қосылып, ойнап-күліп, сәл-сәл сөйлеп жүр. Осы ұжымға рақмет. Жан-жаққа логопедке барып, ем қабылдады. Қазір бұрынғысынан қарағанда көп жақсы. Аман-есен балалардың бәрі жазылып, тәуір болып кетсін.

Айдын Сәбитқызы, қоғамдық бірлестік жетекшісі:

- Үйден оқитын балалар барлықтары. Балғындарға ерекше көңіл күй сыйлап, жүректеріне мейірім, махаббат ұялату – мақсатымыз. Айына бір рет осы балаларға арнап біз байқаулар мен түрлі шаралар ұйымдастырамыз.