Атыраулық оқушы зілзалаға төтеп беретін үйдің жобасын ойлап тапты

Жас ғалымның идеясы жоғары баллдық жер сілкіністері кезінде құламайтын қауіпсіз баспаналар салуға мүмкіндік береді.

Қазір өңірде өнертапқыш өрендердің жаңа легі өсіп келеді. 

Расулбек 7-8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алатын үйдің жобасын әзірлеу үшін 1 айға жуық дайындалған. Үй жобасының ең басты ерекшелігі – іргетас пен жердің арасындағы серіппеде. «Ол зілзала кезінде үйді құлатпай, ұстап тұра алады», - дейді өнертапқыш оқушы. Расулбектің жобасын өңірге арнайы келген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм да жоғары бағалапты. 

Расулбек Дүзелбайұлы, жас ғалым:
- Бұл макетті жасау барысында негізгі идея биылғы болған оқиғаларға қатысты. Яғни Түркия және Сирия елдерінде болған, 160 мыңнан астам ғимарат зардап шекті деп естідім. Сол идея арқылы соның алдын алу шараларын біздің елімізде жүргізу үшін кішкене жобамды көрсеткім келді. Мұның негізгі функциясы – фундаментінде. Ол қатты материалдардан жасалған, яғни жер қыртысына байланыстырып тұратын пружина ортасына қосылады. Жер сілкінісі кезінде жер қыртыстарымен бөлінетін толқындарын өзіне тартып алады, үйдің шайқалғанымен, құлауына жол бермейді.

16 жасар Гауһар зағип жандарға арнап көзілдірік ойлап тапқан. Көзілдірік адамның алдындағы кедергілерден хабар беріп отырады. Жас ғалым әзірге жобасын дамытып, кейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Гауһар Қуанова, жас ғалым:
- Мен бұл көзілдірік үшін арнайы бағдарлама ойлап таптым. Яғни сол арқылы кедергілердің қашықтығын нақтылаймын. Әзірге 20 сантимер жердегі кедергілерді көре алады. Бұл қазір макеті ғана. Алдағы уақытта мұны әдемілеп, дамытамын.

Балалардың жобалары ерекше. Табиғатқа жанашырлығын тың идеялармен ұштастырған өрендердің алар асуы да алда. Тәлімгерлердің айтуынша қазірдің өзінде жаңа жобалар жүзеге асып жатыр.

Әсел Оңдашева, тәлімгер:
- Қазіргі таңда қоршаған ортада біз целлофондар, пакеттер, соларды қолданамыз. Базарға барсақ тамақтар салып аламыз. Сол целлофандарда химиялық элементтер бар. Олар тамақтың ішіне де кетеді. Сол пакеттерді алып тастап, биопластикке ауыстырсақ деген ойымыз бар. Алдағы уақытта адамның ағзасын тазалау жасау үшін жоба ойлап тапқымыз келеді. Ол әлі жұмыста, әлі дайын емес. Ол таблетке ретінде болады.

«Жас ғалымдардың жобаларына сұраныс болса, болашақта түрлендіріп, дамытуға әзірміз», - дейді тәлімгерлер. Мысалы сейсмикалық қауіпті аймақтар үшін үйдің жобасы маңызды екені белгілі. Егер қолдау тапса, өнертапқыштардың да өсуіне жол ашылар еді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин