Текелі қаласының тұрғындары ауызсу тапшылығын тартып отыр

Өйткені Қора мен Шажа өзендерінен келетін су жазда мұздықтардың еруінен ішуге жарамсыз болып қалады.

Жергілікті билік өкілдері осындай олқылықты болдырмау үшін бюджеттен бір миллиардқа жуық теңге бөліп, қалаға артезиан суын тарту басталғанын айтты.

Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Текелі қаласының тұрғындары ауызсуды тап қазір дүкендерден сатып алады. Оған жағдайы жетпегендері, міне, мына бұлақтан келіп алады. Өйткені орталықтандырылған ауызсу жүйесіндегі су лайланып кеткен. Байқап отырғанымыздай бұлақ басында бүгін де адам көп. Кейбірі жаяу, кейбірі көлігімен келіп, үйлеріне су алып кетіп жатыр.

Айбек Қайранбаев, қала тұрғыны:
- Не үшін келесіз бұлаққа?
- Судың жоқтығынан. Қап-қара су, қайтіп ішесің оны? Тамаққа да қоса алмайсың. Ауызсу ғой енді. Суың таза болуы керек қой барлық жерде. Суың таза болса, денсаулығың да жақсы болады.

Надия Кудиярова, қала тұрғыны:
- Үйдегі кір жуғыш машинамыздың өзі судың сапасыздығынан жиі істен шығып қала береді. Ал оның бағасы удай қымбат. Әкімдіктегілерден ауызсу мәселесін тездетіп шешіп берулерін сұраймыз.

Текелі тұрғындары тәулігіне 12 мың текше метр ауызсу тұтынады. Қалада тәуліктік қуаттылығы 28 мың текше метр болатын сүзгі стансасы жұмыс істеп тұр. Төрт ұңғыма бұрғыланып, қазір сол ұңғымалардан инженерлік желілерді тарту жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатқа 993 млн теңге бөлініп, жалпы көлемі 6 000 текше метр болатын екі су сақтау қоймасының құрылысы басталған.

Ғалым Қызылбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Текелі қаласына 15 шақырым жерден су тартамыз. Мына екі қойма салынып жатыр 3 мың текше метрден. 400-дік трубамен біз қалаға алып келеміз таза суды.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Дегенмен бұл жоба ауызсу мәселесін түбегейлі шешіп бермейді. Өйткені Текелідегі ауызсу құбыры желілерінің 80%-дан астамы әбден ескіріп, тозған. Қазір барлық шағын аудандағы ескірген су құбырларын толық ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов