Армения дәрігерлері Қазақстан тәжірибесімен танысты

Арменияның Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету тәжірибесін зерттеуде.

14 адамнан тұратын армян делегациясы Алматы облысы Есік қаласындағы көпбейінді аурухананың жұмысымен танысты. Өйткені осы ауруханада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету алаңы ашылған болатын. Дәрігерлер бұл жерде мульти-дисциплинарлық қағида бойынша жұмыс істейді. Оның құрамына отбасы дәрігері, психолог, әлеуметтік қызметкер және құзыреті кеңейтілген мейірбике кіреді. Қазақстан ТМД бойынша аурудың алдын алуға ерекше көңіл бөліп отырған бірден бір ел. Бұған дейін қазақстандық тәжірибемен Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан дәрігерлері танысып қайтқан.

Артак Джумаян, Армения денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Мейірбикенің жұмысы таңқалдырды. Бүгін біз электронды денсаулық сақтау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрдік. Мұнда цифрлық технологиялар жақсы қолданылады екен. Біз 50-60 процентке артта қалыппыз.