Қарағандылық хирург металлургтің жұлынған қолын сақтап қалған

Қарағандылық хирург 6 сағат бойы операция жасап, жігіттің жұлынған қолын сақтап қалған.

Ақ халатты абзал жан өз тәжірбиесінде жүздеген операция жасапты. Ал осындай білікті маманнан тәлім алған жастардың да жетістігі мол. 

Франц Галицкий Қарағандыға белгілі дәрігер. Абайсызда қолынан айырылған металлургке операция жасап, қолын сақтап қалған білікті хирург. Сол жолы ақ халатты абзал жан 6 сағат бойы операция жасаған. Реплантация бойынша көп жылдық тәжірибесі бар маман отаның күрделі болғанын айтады. 

Франц Галицкий, облыстық клиникалық аурухананың тамырлы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Егер аяқ-қол денеден ажырап 2 сағаттан артық жатса, оны жалғау тіпті қиын. Біз науқастың қолына қан жіберіп, барлық жағдайды жасадық. Бұл енді таңғажайып тәжірибе болды. Науқастың қолы өзінен 1 метр жерде жатыр. Ал біз түтіктер арқылы қан тамырларын қостық. Сол уақытта жан біте бастады. Дереу операцияға кірістік.

Франц Галицкий медицина саласында 30 жылдан бері еңбек етеді. Қатардағы маман боп жұмысын бастаған ол қазір еліміздегі жетекіші ангиохирург. Он мыңдаған операцияны сәтті өткізген. Оның тәлімгері де көп. Тәрбиелеген жүздеген шәкіртінің арасында өзінің ұлы да бар.

Антон Галицкий, хирург:

- Мен ең алдымен тәлімгер ретінде әкемнен науқастарға қалай қарау керегін үйрендім. Медицинада біліктілікпен қатар, науқастың жанын түсіне алатын жүрек те керек. Әкем маған науқастарға жақынындау қарау – олардың дертін жеңілдетеді деп үйретті.

Өңірдегі тағы бір білікті дәрігер Евгений Морозов облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық инфекция бөлімін ширек ғасыр бойы басқарады. Мұнда жылына қант диабетімен ауыратын төрт жүзге жуық науқас келеді. Олар аурудың күрделілігіне қарай, тіпті аяқ-қолынан айырылып жатады. Бірақ Евгений Морозовтың мамандары мұндай қиын жағдайдың алдын алу үшін барын салады. «40 жылдық еңбек жолында тәлімгер ретінде кез келген дәрігер өзінің біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруы керек»,- дейді тәжірибелі маман.

Евгений Морозов, облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық инфекция бөлімшесінің меңгерушісі:

- Қазір заманауи технология көп. Соны меңгеруді, біліктілікті арттыруды естен шығармаған жөн. Әр науқастың өмірі біз үшін қымбат. Сондықтан үнемі тәжірибені шыңдап отыру керек.

Жақсы хирург өзін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Ал жас мамандарды тәрбиелейтін тәлімгерлер үшін бұл керек дағды. Өйткені кез келген қиын жағдайда шешім қабылдап, науқастың өмірін аман алып қалу – дәрігердің мойнындағы жүк.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Марина Золотарёва, Сайлау Игликов, Зарина Зулпыхар