Оралдық хирург күніне 10 шақты операция жасайды

Дәрігерлер отбасынан шыққан Ербол Есеев – бүгінде өңірге танымал, тәжірибелі хирург.

Қазір облыстық көпбейінді ауруханада еңбек етіп жүр. Күніне 10 шақты операция жасайды. «Әсіресе ауыр жарақат алған науқастар жиі түседі», - дейді ол. Хирург еліміздегі үздік 100 дәрігердің қатарында.

Хирург Ербол Есеевтың әр жұмыс күні операция жасаумен өтеді. Одан кейін де әрбір науқастың денсаулығын өзі жіті бақылап отырады. Еңбек жолын бастағалы талай күрделі операция жасаған. Олардың әрқайсысы дәрігердің әлі көз алдында. Мәселен, бірер жыл бұрын темір құрылғымен абайсызда қолын кесіп алған тұрғынға жедел көмек көрсетіп, қолын қайта қалпына келтіріп үлгерген екен.

Ербол Есеев, хирург:

- Ота жасалды, сәтті өтті. Қолын қайтадан қалпына келтірдік. Қолы жұмыс жасайды. Өздігімен қолымен жұмыс істеп тұр. Ол науқасты бақыладық біздер ұзақ уақыт. Шұғыл түрде түсетін науқастарға 2 сағаттың ішінде операция жасаймыз. Кейінге қалдырылған науқастарымызды 3-5 күнге шейін тексеруден өткіземіз. Сосын барып аламыз отаға.

Ербол Есеев дәрігерлер отбасында өскен. Әкесі – хирург, анасы – фармацевт. Ата-анасының күнделікті жұмысын көзбен көріп, қызығушылық танытыпты. Кейін дәл осы мамандықты таңдауды ұйғарған. «Бұл салаға келгенімді мақтан тұтамын», - дейді ол. Аурухана палатасындағы науқастар кейіпкеріміздің кәсіби шеберлігіне қатысты оң пікірде.

Надежда Свешникова, емделуші:

- Мені улы жәндік шағып алып, ауруханаға ауыр жағдайда түстім. Мені Ербол дәрігер емдеді. Ұзақ уақыт емделіп, әйтеуір сауықтым. Дәрігерге айтар алғысым шексіз. Ол – нағыз білікті маман.

Аурухана біртіндеп жаңа жабдықтармен қамтылып жатыр. Хирург операция жасауға қажетті құрылғылар да жаңғыртылып жатқанын айтты. Цирфрлық жүйе жұмысты едәуір жеңілдете бастаған. Енді кадр тапшылығы шешілсе екен дейді. Тәжірибелі маман жастарға ұсынылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары түйткілді шешуге дәнекер боларына сенімді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.