Қарағанды облысында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Биылғы додаға Әзербайжан және Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

600-ге жуық конкурсант бір апта ішінде түрлі сайыста бақ сынайды.

Танктер, тікұшақтар мен жойғыш ұшақтар. Бұл – еліміздің Қарулы Күштерінің кезекті оқу-жаттығуы емес, қуатты армияның қауқарлығын жас сарбаздарға паш ету көрінісі. Өйткені Спасск полигонында «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Оған 40-тан аса команда мен 600-ге жуық қатысушы жиналған.

Биыл «Айбын» жарысы 9-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Жиынға әскери-патриоттық клубтар, әскери мектеп интернаттардың оқушылары келген. Олар 1 апта бойы далалық лагерьде тұрып, Калашников автоматын шашып жинаудан, винтовкадан атудан және түрлі физикалық жаттығуларды орындаудан сынға түседі.

Тілеухан Басқожаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің департамент бастығы:

- Биыл көңіл аударылып жатқан конкурстарда цифрлық технологияға көбірек назар аударылып жатыр. Сол сайыстар қызу өтіп жатыр. Робототехника бар, беспилотник бар. Ракета ұшыру бар. Сондай-сондай цифрлық технология.

Биыл «Айбын» әскери-патриоттық жиынына алғаш рет шетелдік командалар келді. Жарыста Әзербайжан мен Өзбекстан жастары да бақ сынап жатыр.

Атажан Атасой, әскери лицей курсанты, Әзербайжан:

- Әзербайжанда дәл осындай әскери сайыстар бар. Біз онда зияткерлік ойындардар бастап физикалық дайындықты көрсетіп жарысамыз. Қазақстандағы жиында да осындай конкурстар бар екен. 1 ай көлемінде дайындалдық. Енді жеңіске жетуге тырысамыз.

Биыл конкурстардың қатарына «Смарт-Сарбаз» деген жаңа сайыс түрі енгізілген. Бұнда робот құрастырушылар сынға түседі. Кей жастар ұсынған жобалар шынымен ерекше. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды еліміздің Қарулы Күштері қолданысқа енгізуі әбден мүмкін.

Олжас Самархан, «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубының мүшесі:

- Бұл белгілі бір объектіге келеді. Ноутбукті объект деп алайық. Осы жерде өзінің құрылғысын қосты және залалсыздандырды, яғни камера, компьютер, гаджеттерден. Маңайдағы электрониканың барлығын істен шығарады. Осы арқылы біз тиімді уақыт ұта аламыз. Сол уақытта арнайы операция жасалуы мүмкін.

Қазір «Айбын» жиынының қатысушылары алғашқы 2 кезеңдегі сайыстарын толық аяқтаған. Алда әлі бірқатар спорттық жарыстар бар.

Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов.