Оралда Жайықтың жағалауы қайта жаңғыртылады

Орал қаласында осыдан он жыл бұрын абаттандырылған Жайықтың жағалауы қайта жаңғыртылады.

Бұған дейін 8 жыл қатарынан әр көктемде мердігердің өзі жағалауды жөндеп келген. Кепілдік мерзімінің аяқталуына байланысты биыл ағымдағы жөндеуге қала бюджетінен 280 миллион теңге бөлінді. Бірақ мамандармен ақылдасқан шаһар басшылығы құрылысты кейінге шегерді. Себебі әу баста рекреациялық аймақты жобалау кезінде өрескел қателіктер кеткен. Мысалы салмағы зілдей гранит тақталарды жарға желіммен жабыстырған. Қыста аязда немесе көктемде су тигенде ол тақталар түсіп қалды. Өзге де кемшілік аз емес. Сол себепті жағалауды кеңейтіп, қайта салу туралы шешім қабылданды.

Жандос Дүйсенғалиев қала әкімінің орынбасары:

- Толықтай реконструкциядан, қайта жөндеу жүргізетін болсақ, сәйкесінше өның құны да өте көп болады. Минимум млрд, млрд жарым болады деп есептеймін. Неге десеңіз, сапалы түрде жасау керек. Тынымбақтың аумағын үлкейту керек, спорт алаңдарын ішіне, балалардың ойын алаңдарын жасағымыз келіп тұр. Және де орман ішімен соборға қарай соқпақ бұрыннан бар. Сол соқпақты қайтып жаңартып, толыққанды жөндеуден өткен тынымбақ сыйлағымыз келіп тұр.