«АрселорМиттал Теміртау» локомотив паркін жаңартады

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы біртіндеп локомотив паркін жаңартып жатыр.

Жуырда металлургиялық кәсіпорын заманауи тепловозға қол жеткізді. Қазір техниканы жолға шығаруға әзірлік жұмыстары басталды. Бұл көмір департаментінің инвестициялық бағдарлама бойынша сатып алған үшінші тепловозы.

Жаңа тепловозда локомотив бригадасының күнделікті жұмысына барынша жайлы жағдай ойластырылған. Басқаруы электронды жүйеде. Кабинасы кең, айнала алақандағыдай көрініп тұрады. Сырттағы шу ішке естілмейді. Тіпті дірілді жоятын орындықтар да бар. Машинистер жаңа локомотивтің қолайлы екенін қазірден айтып жатыр.

Виктор Наумов, машинист:

- Қазіргі кезде біз жаңа ТЭМ-18ДМ тепловозына отырдық.  Енді бастап істеп жатырмыз. Бұрынғы ескі тепловоздармен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Мұнда өте жайлы, ыңғайлы. Машинист пен бригадаға керектінің бәрі жасалған. Шаршадым деп айтуға ұяласың. Ауа баптағыштары, тартуы, жүрісі өзге де сипаттамасы көңілден шықты.

Қозғалыс құрамы қызметі бастығының айтуынша кәсіпорын алған локомотив қазіргі заман талабына сай жетілдірілген, сәйкесінше пайдалану мерзімі де ұлғайған. Бұл көмір департаментінің инвестициялық бағдарлама бойынша алып жатқан ТМ-18 сериялы үшінші тепловозы. Бағдарлама компанияға жаңа буын техникаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Игорь Бударин, Көмір департаменті қозғалыс құрамы қызметінің бастығы:

- Бұл локомотив қазіргі барлық технологиялық және экологиялық нормалар мен стандарттаға сәйкес келеді. Техникалық сипаттамалары жақсарған. Кабинаның эргономикасы жетілдірілген. Климат бақылау жүйесіне шейін жабдықталған. Өзге де керекті бақылау жүйелері орнатылған.

Кәсіпорын басшылығы келешекте де локомотив паркін толықтырмақ. Бұл ретте жаңа буын локомотивтеріне қызмет көрсетуге қажетті диагностикалау және жөндеу жабдықтары алынады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Э. Аюпов