Маңғыстау облысында жаңа мамандықты меңгеруге болады

Ал Маңғыстауда «Балық және теңіз өнімдерін өңдеуші» және «Техник-технолог» мамандарын даярлау ісі қайта жаңғырды.

Енді Түпқараған ауданындағы колледжде аталған мамандыққа оқуға болады. Биыл қыркүйекте 20 студент оқуға түседі деп жоспарланған. Олар тегін білім алады әрі мемлекет тарапынан шәкірт ақы төленеді. Айта кеткен жөн мұнайлы аймақта қара алтын қоры сарқылып келеді. Былтыр Үкімет мұнай-газ өндірісіне балама болуы тиіс саланы іздестіріп, таңдау балық шаруашылығына түскен еді. Бұл ретте балық фермасын ашуға ниетті азаматтар жер телімін ұзақ мерзімге жалға ала алады. Кәсіпорынға қажетті инфрақұрылым жүргізуге, балық өнімдерін нарыққа шығаруға да мемлекеттен көмек беріледі.

Айнұр Сұлтанғали, колледж директоры:

- Аташ елді мекенінде орналасқан серіктестікпен келісімшартқа отырдық. Жаңа оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен білікті маман даярлау ісі бойынша осы мекеме 4 орын бөліп отыр. Бұл дегеніміз, оқу бітірген балалар бірден сол жерге жұмысқа орналасады деген сөз.