Абай облысының әкімі өңір халқымен кездесті

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өңір тұрғындарынан жүзден аса сауал мен ұсыныс жолданды.

Аймақ басшысы кездесуде халықтың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, құрылыс пен білім саласына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындармен кездесу Абай атындағы театрда өтті.  Әрине бұл жолы да сауалдар аз болған жоқ. Театр фоесінде тұрғындарды әуелі әр түрлі сала басшылары қабылдады. Облыс әкімі аз уақытта жергілікті билік тарапынан атқарылған істерді атап өтті. 

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

- Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге оң әсерін тигізіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы 24,2% - ға өсіп, 260,1 мың теңгені құрады. Негізгі макро көрсеткіштердің оң динамикасы биылғы жылдың бес айында да сақталып отыр. Мысалы, құрылыс секторы – 124,8%-ға , инвестициялар – 121%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 120,1%-ға тұрғын үйді пайдалануға беру – 120,7%-ға, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 103,4%- ға өсті. Облыс бюджетіне меншікті кірістері бойынша 132% өсу қарқынымен 44 млрд теңге түсті. 

Кездесуге жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтарды өңір басшысына тікелей қоюға мүмкіндік алды. Шешімін күткен мәселелер өте көп. Олардың қатарында жолаушылар тасымалдайтын өзен көлігін қалпына келтіруден бастап субұрқақтарды жөндеу секілді сан алуан мәселе бар. 

Әсел Қарамсақова, Семей қаласының тұрғыны:

-  Балаларымыз мектепке автобуспен жүреді, 4-мектепте оқиды. Қарағайлы шағынауданына мектеп салып берсе. олар айтады жоспарда бар дейді. Бізге нақты мектеп салып берсе соған риза боламыз. 

Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады. Аймақ басшысына өз сауалдары мен ұсыныстарын білдіруге жүзден аса адам келді. 

Облыс әкімдері өз аймағында жылына екі реттен кездесу өткізеді. Бұл Абай облысы әкімінің осы жарты жылдықтағы ірі көлемдегі оныншы кездесуі. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша Нұрлан Ұранхаев 8 ауданда және Курчатов, Семей қаласында халықпен кездесу өткізді. 

Талғат Серікқалиұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов