Жезқазғанда ұлттық аспап ұлықталды

Жезқазғанда қазақы шапан киіп, домбыра асынған бір топ өнерпаз бастаған шара шеруге ұласты.

Бейбітшілік даңғылы арқылы Алғашқы құрылысшылар алаңына дейін жүріп өткен бұқара ұлттың бойтұмарына айналған домбыраға деген құрметін осылай көрсетті. Қара домбырадан күй төгіліп, көрермендердің қатысуымен ұлттық аспапта ән орындаудан түрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Өнерпаз халықтың асылынан артық қастерлеп, қақ төріне ілген сүйікті домбырасына құрметі ерек. Жылдан жылға мерекенің де мән-маңызы артып келеді. Облыс орталығындағы басты көшенің бойымен жүріп өткен шеру соған дәлел. Ұйымдастырушылар бұқаралық шараны өткізудегі мақсат «Елдің рухын көтеріп, танымын арттыру», - дейді.

Бағдат Байжантаев, Т. Қалмағамбетов атындағы облыстық филармония директоры:

- Бүгінгі домбыра мерекесі Ұлытау облысында алғаш рет тойланып жатқаны осындай кең көлемдегі жүрекке ерекше мақтаныш ұялатады. Қазағымыздың күйі күмбірлеп, домбырасы жадымызда жаңғырып, жанымызды күй боп тербеп, көңіл-күйімізге ерекше әсер етіп жатқанын ашып айтуға болады.

Бұл күні күмбірлеген күйден шашу шашылып, күміс көмей әншілер тек домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқады. Халықтың қуанышы мен қайғысын тең бөлісіп, жабыққанда жұбаныш бола білген ұлттық аспап жайлы ұлағатты әңгімелер айтылды. Мерекелік кешке жиылған көпшілік арасында домбырамен ән салу, күй шерту аталымдары бойынша сайыстар ұйымдастырылды.

Ерасыл Маратұлы, оқушы:

- Домбыра қазақтың ұлттық аспабы болғаннан кейін соны өзім көтеріп жүрмін. Маған негізі домбыраның үні рух береді. Құрманғазының күйі «Адай». Мен мұндай ақшалай сертификатты бірінші рет алып тұрмын. Қуаныштымын.

Кешке келген көрермендер әуезді ән-күйге бөленіп қана қоймай, домбыра туралы танымын кеңейтетін деректерге қанықты.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева