Шымкент мұнай өңдеу зауыты кеңейтілуі мүмкін

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді.

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев арнамыздың тікелей эфирінде айтты. Электр қуаты, су, және жылу ресурстары жүйесінің жұмысы қалпына келтірілді. Нәтижесінде соңғы тәулікте зауыт 500 тонна сұйытылған газ өндіре алды.

Еске салсақ, шілденің 3-і күні Маңғыстаудағы атом-энергетикалық комбинатта болған апат салдарынан ондағы энергетикалық қуат жүйесі істен шыққан еді. Сондай-ақ Дмитрий Макеевтың айтуынша, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру қарастырылып жатыр.

Дмитрий Макеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары:

- Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты жылына 6 млн тонна мұнайды өңдеуге есептелген. Енді біз сол 6 млн-ның үстінен қосымша өнім өндіруді ойластырып жатырмыз. Өйткені жаңадан зауыт салу оңай емес. Ол үшін толыққанды дамыған инфрақұрылым, жол, су, энергия көзі, отын ресурсы  – бәрі керек. Айдалада жаңа зауыт салғанша, қолданыстағы зауытты кеңейту экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімдірек, жылдамырақ әрі арзандау болады.