Мәстек-Қызан тас жолын қалпына келтіру биыл аяқталады

Маңғыстау облысында «Мәстек-Қызан» бағытындағы тас жолды қалпына келтіру жұмыстары биыл толық аяқталады.

Жауапты мамандар осылай дейді. Трассаның жалпы ұзындығы 110 шақырымды құрайды. Қалып тұрған 25 километрінің жөнделуін тұрғындардың әкімдіктен сұрап жүргеніне біраз уақыт өтті. Қызан халқы  аудан орталығына ой-шұңқырлы жермен жүріп қатынауға мәжбүр.

Қызан ауылында 1 мыңнан аса адам тұрады. Көпшілік күнделікті жұмысқа, қала берді азық-түлік қорын толтырудың қамымен Шетпеге осы жолмен қатынайды. «Жаңбырлы күндері көлік қозғалысы тіптен қиындайды. Жеңіл машина тез бұзылады. Аптапта бұрқыраған ала шаң тұрып, соның салдарынан жол апаты жиі болады» - дейді тұрғындар. 

Алтынғали Иманбаев, ауыл тұрғыны:

- Әнеукүні жаңбыр жаумай-жаумай тұрып жауып еді. Машиналар батып 25 километрге жете алмай халық далада қалды. Далада қонды бүкіл бала-шағасымен. Бітеді-бітеді дейді бұл. Қашан бітеді? 

Бастапқыда бұл жолдың ұзындығы 89 шақырым деп бекітілген. Кейін жоспар өзгереді. Қалпына келтіру жұмыстары 2014 жылы басталып, 4 жылда 28 шақырымы жөнделді. Тағы 36 километрін қалпына келтіру 2018 жылы жалғасын тапты. Соңғы участок 25 шақырымдық бөлігін қайта төсеу 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді.  

 Адайбек Қалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-  9 километр жолына қара щебень төселіп, қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары жүріп жатыр. 7,5 шақырымына асфальт төселіп тұр. Осы жылға тиісті қаражат республикалық бюджеттен толық қаралды. 1 млрд 426 млн теңге. Биылғы жылы асфальттауы толықтай аяқталып, Қызан ауылына дейін жеткізілетін болады. 

Былтыр қызандықтар осы жолдың құрылыс сапасына наразылық танытқан. Мердігер мекеме жіберген өрескел қателіктерді уәкілетті орган қызметкерлері жедел анықтап, тез арада түзетуді міндеттеген. 

Хамзат Сұлтанов, ҚР ИИДМ "ЖАҰСО" РМК филиалының директоры: 

- Астыңғы қабатын тексердік. Сол тексерудің нәтижесінде қабаттың тығыздығы төмен деңгейде болды. Жобаға сай келмеді. Кейін біз ол жұмыстарды толығымен тексеріп, өз қорытындымызды бердік. Биыл сол жоспар әрі қарай жалғасуда. Қадағалау жұмыстарын сынамаларды алу арқылы алып, тексеріп жүрміз. 

Жол құрылысының сапасын тексеретін мамандар «Қызан-Шетпе» трассасы толық қолданысқа берілген кейін де рейдтік бақылау өткіземіз деп отыр. Аудан әкімдігі, мердігер және техникалық бақылау қызметі мамандарынан құралған комиссия «Мәстек-қызан» жолының барлық талапқа сай болуын мұқият тексермек. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев