Елордада медицина саласының үздіктері марапатталды

Биыл бас қаладағы медициналық орталықтардың ашылғанына  – 25 жыл.

Ширек ғасыр ішінде туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 2 есе өсіп, өлім-жітім 2,5 есе төмендеді. Медициналық ұйымдардың саны да, әлеуеті де артып келеді. Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру 95%-ға артқан.

Бұл мамандықтан басқа мамандық мен білмеймін. Көріп тұрған жоқпын. Бұдан артық мамандық жоқ.

Бұл елордалық медицина саласы қызметкерлерінің сөзі. Бәрі де мамандығы үшін жан беруге дайын. Тіпті бүгінгідей ақ халатты шешіп, әдемі көйлек киюге мүмкіндік туғанда көпшілігі жұмысына асығып отыр. Себебі, жоспарлы ем-шараларын ешкім де кейінге шегере алмайды. Науқастар күтіп қалады.

Жанат Мұратқалиева, жалпы практика дәрігері: 

- Біздің жұмыс оңай емес. Нешетүрлі адам келеді. Ол мамандықты жақсы көру керек. Жақсы көргеннен кейін сол жерде шыдамдылық таныту керек. Көбі узкий специализацияға кетіп жатады. Сондықтан бізде врачтар аз. Жұмысы ауыр болғаннан кейін көбісі шыдамай кетіп қалып жатады.

Биыл бас қаладағы медицина саласының құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасырда атқарылған шаруа көп.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін дәрігерлердің жұмысы, әсіресе пандемия кезінде күрделене түсті. Бірақ, сын сәтте тосылмаған мамандардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Әрине, бұған медициналық нысандардың көптігі де септігін тигізді.

Тимур Мұратов, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы инфраструктураның өзі қазіргі күнде жетіспеушілік көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің жоспарымызда тағы 2 жаңа заманауи перинеталдық орталық, бір ересектер ауруханасын және бір балалар ауруханасын салу көзделіп отыр.

Иә, 25 жылда астана халқы 4,5 есе өсті. Ал елордалық медицина ұйымдары бүкіл республикаға қызмет етіп отыр.  Өкінішке қарай, маман тапшылығы күн тәртібінен түскен жоқ.

Дегенмен, дәрігерлерді шетелде оқытып, тәжірибе бөлісуге жағдай жасалды. Мерей той аясында үздік деп танылған Руслан Хасенов те жастарға бағыт беруге әзір. Өмірінің 25 жылын хирургияға арнаған кейіпкеріміз адамдарды жақсы көрген маман озады дейді.

Руслан Хасенов, хирург:

- ҰҒМО жұмыс істегенде бауыр-бүйрек трансплантациясымен айналыстық. Ең ұзақ операция 8-9 сағатқа созылды. Бауыр операциясы кезінде.

Ал салтанатты шарада "Еңбек ардагері", "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін" төс белгілері иесін тапты. Сондай-ақ, үздік дәрігерлер марапатталды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы