4 күндік жұмыс аптасы: ауыспалы еңбек күнтізбесі кімге қолайлы?

Елімізде мекемелер ауыспалы жұмыс күнтізбесіне көше бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек кодексіндегі өзгерістер 1 шілдеде күшіне енді. Енді жұмыс беруші мен жұмысшы арасында 4, 5, 6 күндік кесте жасалуы тиіс. Сарапшылар мұндай жұмыс аптасына көшу еңбек өнімділігін арттырып, экономикалық өсімге ықпал ететінін айтады.

Жоспарлы медициналық қызмет көрсететін жекеменшік клиника басшысы Серік Ирбаев емделушілер үшін есігіміз аптасына 7 күн бойы ашық дейді. Мекеме штатында 100-ден аса қызметкерден бөлек, келісімшартпен еңбек ететін дәрігерлер бар. Стационарда жылына 1,5 мың адам емделсе, кейде шұғыл науқас қабылдауға тура келеді. Тәжірибелі дәрігер ауыспалы күнтізбенің қолайлы жағын атап өтті.

Серік Ибраев, жекеменшік емхана директоры:

- Еңбек кодексіне кірген жаңалықтарды, өзгерістерді біз де кейбір жерде кіргізіп те жатырмыз. Өйткені бізде штаттық кестеде жұмыс істеп жүрген дәрігерлерден басқа шет, басқа жерлерде істеп келетін дәрігерлер де аз емес. Сондықтан олардың жұмыстық кестелеріне байланысты олар кейде бізде 4 күндік жұмыс істеп жүргендер бар. Іс жүзінде бізде қолданып та жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жаңа норма бойынша жұмысшы мен жұмыс берушінің құқығы тең сақталатынын жеткізді. Еңбек шартына өзгеріс енгізу азаматтардың жалақысы мен тиісті еңбек демалысына әсер етпейді. Себебі жұмысшы бір айда белгіленген норманы өтеуге міндетті.

Сәкен Ділдахмет, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Жеке сектор болсын, мемлекеттік, болмаса азаматтық секторда жұмыс істейтін азаматтар болса, өзінің жұмыс берушісімен келісу арқылы алдын-ала  4 күндік болмаса, 5-6 күндік жұмыс режиміне ауысады. Бір мәселені ескеру керек. Қазақстанда жалпы 4 күндік жұмыс аптасы орнайды деген сөз емес. Ауыспалы, яғни бір күн өтедің бе? Келесі күнді басқа күні өтейсің. Бірақ апталық 40 сағат уақыт сақталады.

Сарапшылар 4 күндік жұмыс аптасына көшу туралы шешімді әр компания өзінің өндірістік қажеттілігіне сай қабылдағаны дұрыс деп есептейді. Бастысы, атқарылған жұмыстың сапасы мен тиімділігіне нұқсан келмегені абзал.

Фарид Алиев, заңгер:

- 4 күндік жұмыс аптасына көшу қазақстандық ноу-хау емес, осындай әлемдік тәжірибе бары сөзсіз. Мәселен, Голландияда 4 күндік жұмыс аптасы енгізілген. Осындай жаңашылдықтар бізде қолданыла бастағанда оның болашақта қалай жұмыс істейтінін алдын-ала зерттеу маңызды. Еңбек кодексінің 78-бабына өзгеріс енгізілді. Голландияда 4 күндік жұмыс аптасына көшу апта ішіндегі жұмыс сағатының қысқаруына әкелсе, бізде өзгеріссіз қалды.

Бұл тәжірибе қызметкерге жұмыс пен отбасылық қажеттілігін үйлестіруге мүмкіндік береді әрі еңбек саласындағы халықаралық стандарттарға сай келеді. 4, 5 немесе 6 күндік жұмыс тәртібі қызметкердің еңбек, ұжымдық шарттарда көрсетілген өзге де құқықтарын шектемейді.