Павлодар облысында жылу желілері жаңартылып жатыр

Павлодар облысына жыл басынан бері 235 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде 113 ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Жарты жылда 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір қысқа дайындық жұмыстары жан-жақты атқарылып жатыр. Жылу электр орталығындағы қазандықтар жөнделіп, жылу желілері жаңартылып жатыр.

Павлодар облысы үшін былтыр қыстың қиындықпен өткені белгілі. Өткеннен сабақ алған облыс әкімдігі алдағы қысқа дайындықты ерте көктемнен бастады. Қазандықпен қатар жылу желісіне баса көңіл бөлініп отыр. Аймақтағы желінің ұзындығы – 1483 шақырым. Олардың орташа тозу деңгейі 82%-ті көрсетті. Биыл 3 қалада 22 млрд теңгеге 52 шақырым желі жаңадан салынады.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Жалпы бізде Павлодар қаласында 3 жылу беру станциясы бар. Ақсу қаласында 1 жылу беру станциясы бар. Екібастұз қаласынан бөлек, бір жылу станциясы бар. Сонымен толықтай 5 станцияда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тек қана Екібастұз қаласының станциясында емес, Ақсу қаласының қазандығында толықтай жөндеу жұмыстары жүріп жатыр және де Павлодар қаласының 2-ші, 3-ші және де 1-ші жылу беру станцияларында керекті күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша атқарылып жатыр.

Екібастұз жылу электр орталығындағы 10 қазандықтың екеуі толық жөндеуден өткен. Ал 8 қазандық бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазір қаладағы 690 көппәтерлі үйдің 570-і жылу беру маусымына дайындық актісін алды. Биыл 4 жылу магистралі жөндеуден өтеді. Бүгінде жұмыс межесі 60%-ті еңсерді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп отыр.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Экологиялық мәселелер біздің аймақтың денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге мәжбүр етті. Біздің өңір, өкінішке қарай, онкология сырқаты бойынша үшінші орында. Осыған орай бұрын бізде болмаған жаңа жабдықты қолданып, ерте диагностиканы кеңейту есебінен онкологиялық науқастардың бесжылдық өмір сүру көрсеткішін 51%-тен 57%-ке дейін арттырылды.

Биыл 16 денсаулық сақтау нысанын жөндеп, жаңғыртуға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылы облыс орталығындағы аурухана ғимараты ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар алдағы 2 жылда ауылдық жерде 30 медициналық нысан тұрғызылады. Осылайша, 15 мың адам медициналық қызметке қол жеткізеді.

Авторы: Нұрқанат Қанапия.