БҚО-да Жаңақала-Жаңақазан аралығындағы автожолдың құрылысы тоқтап тұр

Батыс Қазақстан облысында Жаңақала-Жаңақазан аралығындағы автожолдың құрылысы тоқтап тұр.

Былтырдың өзінде таяқ тастам жерге ғана асфальт төселген екен. Тақтайдай тегіс жолды сарыла күткен ауылдық ағайын, құрылыс аяқсыз қала ма деп алаңдап отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Біз аудан орталығынан небәрі он шақты шақырым ғана ұзап кеттік. Қиыршықтас тек осы жерге дейін төселген екен. Былтыр жасалған жұмыс осы ғана. Ал биыл құрылыс мүлде жүргізілген жоқ.

Ал бұдан әрі қарай қатынау қиын. Көліктер саз-топырақ жолдың шаңын бұрқыратып өтіп жатыр. Ми батпақ кезде қалып қойған ойшықтарға жиі соғылады.

Блиц:

- Күй жоқ жол деген. Мынау жүрміз енді. Машинаның ходовойын қоймайды. Биыл бітеді деген жол ғой. Әлі бастаған да жоқ жолды. Аяқсыз тастап кетті ғой, иә.

- Скорая да шақ барып келеді. Жете алмай қалады. Қанша ауырып жатқан адам зардап шегеді.

- Қиын қатынау, қиын. Машинаның бәрі қирайды. Халыққа өте ауыр болып тұр.

Жоба бойынша 60 шақырым жол салынуы қажет. Жаз мезгілі бел ортасына келсе де құрылыс аумағында әлі ешкім жоқ. Асфальт-бетон зауыты да қаңырап бос тұр. Ал қарға адым жерге төселген асфальттің сапасы да көңіл көншітпейді екен.

Дәурен Әміров "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК облыстық филиалының инженері:

- Асфальтті бетонның төменгі қабатының тығыздығы, суға қанықтығы сәйкес келген жоқ. Топырақ қабатының тығыздығы сәйкес келген жоқ және қиыршықтас, жарматас дейміз, солардың құрамдары сәйкес келген жоқ. Облыстық жол басқармасына біздер хат түрінде және хаттама түрінде бірнеше рет жолданды.

Әкімдік өкілдері құрылыстың уақытша тоқтап қалуын материалдардың қымбаттап кетуімен байланыстырып отыр. Олар көп ұзамай жол салу жұмыстары жалғасатынын айтты.

Жанғали Мұратов Жаңақала аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қымбаттауына байланысты инертті материалдардың, осыған байланысты уақытша тоқталып, жоба түзетуден өткізіліп, қосымша қаражат бөлініп, алдағы осы айдың ішінде жобаны одан әрі жалғастыру басталатын болады. Жоба негізі 4 жылға жоспарланған болатын. Қаражаттың бөлінуіне қарай жылма-жыл участоктарға бөлініп-бөлініп жасалатын болады.

2024 жылы аяқталуы тиіс жоба кестеден кешікті. Жол азабын тартып жүрген тұрғындар әкімдіктен құрылыс сапасы мен қарқынын енді қатаң бақылауды сұрап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов