Жетісу облысындағы «Сарыөзек – Көктал» тасжолы күзде ашылады

Жетісу облысындағы «Сарыөзек – Көктал» автокөлік жолы биыл қазан айында ашылады.

Ал 2024 жылдың қазанында толық пайдалануға беріледі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшылығы құрылыс жұмыстарымен танысуға келген Сенат депутаттары мен жергілікті тұрғындардың алдында осындай мәлімдеме жасады.

 «Сарыөзек-Көктал» тас жолының құрылысы 2021 жылы басталды. Оның жалпы ұзындығы 178 шақырым. Аталған автожолды күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. «Алтынемел» асуындағы тау жынысын жару жұмыстары кезінде облыс тұрғындарға алдынала хабарландыру жолданып, аталған автокөлік жолы жабылады. Панфилов ауданының тұрғындары жару жұмыстары кезінде облыс орталығы Талдықорғанға Қонаев қаласы арқылы қатынайды. Төте жолға қарағанда ол 200 шақырымға ұзақтау. Халық сол себепті бұл жол бөлігін тездетіп ашуды сұрап отыр.

Ерлан Өмірғалиұлы, Панфилов ауданының тұрғыны:

- Қонаев арқылы осы жол басталғалы 212 науқасты біздің аудандық жедел жәрдем қызметі Қонаев арқылы облыс орталығына жеткізіп отыр. Бұл жерде оның арғы жағында адамның өмірі тұр деген сөз. Бөлінген қаражат мақсатты жұмсалып, жол сапалы, жолдың құрылысы өзінің уақытысында аяқталуы керек. Халықтың сұрап отырғаны сол. 

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясындағылар еліміздегі жол құрылысы мерзімінің ұзаруы негізінен қаржының уақытылы бөлінбеуінен туындайтынын айтты. «Оған мердігер мен «ҚазАвтоЖолды» кінәләй беруге болмайды. Тиісті министрліктер жолға бөлінетін қаржыны уақытылы аударса, мұндай жағдай болмас еді», – дейді олар.

Мейірхат Қасымбаев «ҚазАвтоЖол» ҰК басқарма төрағасы:

- 2021 қаржының 10 пайызын береді, 2022 қаржының 10 пайызын береді де, 2023 жылы қаржының барлығын беріп жатыр былайша айтқанда. Ол қалай ол, бірінші, екінші жылы дұрыс берілмеген, дұрыс жоспарланбаған қаржымен 2023 бітіру мүмкін емес. Ол бірінші мәселе. Екінші, біздің салада жолға ақша бөлінбейді уақытымен. Сол сияқты ол қымбаттауға әкеп соғады. Қазір 2,5 млрд теңгеге қымбаттады бұл объект. Сол себепті қазір құрылыс мерзімі ұзарды.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Халықтың облыс орталығымен байланысы өте қиындап кетуіне байланысты және биыл да бітпейтіні туралы халық көтерді. Соған байланысты біз осы мәселе бойынша қалай жұмыс жүріп жатыр, соны көруге келдік, тыңдауға келдік. Сол себепті «ҚазАвтоЖол» басшылығын, мердігерлерді осы жерге шақырып, барлық мәселені тыңдап отырмыз. Биылғы жылдың 31 қазанына дейін осы жолды ашып береді. Бірақ толығымен тапсырмайды.

Халықтың осындай талап-тілегінен соң «ҚазАвтоЖол» басшылығы мен мердігер компания өкілдері қазір құрылысы жүріп жатқан «Сарыөзек-Көктал» тас жолының 45-68 шақырымын биыл ашуға уәде берді. Алдағы жылжың күзінде аталған автокөлік жолы толықтай пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов