Ақтөбеде 7 мыңнан астам адам көлік салығын төлемей жүр

Ақтөбеде 7 мыңнан астам адам көлік салығын төлеуден жалтарып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жалпы берешегі бүгінде 280 млн теңгеден асады. Қарызды өндіру үшін мамандар полиция және сот орындаушылармен бірлесіп, борышкерлерді іздестіріп жатыр. Себебі міндетті төлемді өтеу мерзімі сәуірде аяқталса да, салығын кешіктірген темір тұлпар иелеріне қосымша 2 ай уақыт берілген еді. Алайда борышкерлер оны да елеп, ескермепті. Сала мамандары енді оларды рейдтік шара жүргізу арқылы іздеп табуға кірісті. Анықталса, салық өтелмейінше көлігі айыппұл тұрағына қойылады. Егер иесі еш әрекет жасамаса, онда көлік аукционға шығарылып сатылмақ. Борышкерлер арасында мүлкі үшін көк тиын төлемейтін қымбат көлік иелері де аз емес екен.

Айнұр Тұңғатова, қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

- Бұл соманы қайтару мақсатында рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Рейд кезінде көлік салығын төлемеген салық төлеуші анықталды. Ол көлігін тұрағына алып кетпеу мақсатында салық берешегін сол сәтте, сол орында төлеп тастады. Мұндай шараларды ұйымдастыру жыл соңына шейін жалғасады.