Қызылорда облысында егіс көлемі еселеп артты

Қызылорда облысы, Арал ауданында алғаш рет егілген әрі жалғыз алма бағы жеміс бере бастады.

Тіршілігі теңізге байланған ағайын кейінгі жылдары егін шаруашылығын ширата түскен. Тіпті суармалы жер көлемі өткен 2 жылда 5 есеге дейін артты.

Ақжігіт Қожаберген Арал ауданында алғаш болып, әзірге жалғыз алма бағын өсіруді қолға алған. Бүгінде Басықара су арнасы арқылы келетін тіршілік нәрін пайдаланып, жеміс ағаштарын жайқалтып отыр. 5 гектар жерге 3 мың 300 дана жеміс көшеті 4 жыл бұрын егілген. «Шөлейтті аумақты жасыл желекке айналдырудың қиындығы көп»,-дейді шаруашылық иесі.

Ақжігіт Қожаберген, Арал ауданының тұрғыны:

- Арал ауданында жалпы жердің жағдайы келмейді ғой бұл талдарға. Алма капризный болып келеді. Қазір күректің бір қабатын алғаннан кейін жердің өзі қара саз, құнары жоқ ешқандай. Сонымен бой көтере алмай тұр әлі. Бой көтерсе жақсы жеміс салар еді. Жылда жан-жағына биогумосын салып отырмыз. Табиғи заттардан ғана салып отырмыз осы тұрғанда. 

Аралдықтардың негізгі кәсібі балық және мал шаруашылығы. Дегенмен су арналары мен көлдер маңайына егін егіп, кәсіп бастағандардың қатары жыл өте артып келеді. Шаруалар жаңбырлатып, тамшылатып және жабынды астына егу секілді бүгінде кең тараған агротехнологияларды пайдалануда. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Арал ауданындағы Ақбай ауылының егіндік жер көлемі екі есеге дейін ұлғайған. Былтыр 150 гектар болса, биыл 300 гектардан асты. Оның ішінде пайдаланылмай жатырған шаруашылық жерлерін қайтару есебінен 20 отбасы 40 гектар жерге дән тастаған.

Ақбай ауылының тұрғыны Әбілбай Ерманов биыл 7 гектар жерге егін екті. Қауын, қарбыздан бөлек, картопты да күімге алған. Бақша өнімдерінің шығымы жаман емес,-дейді ол.

Әбілбай Ерманов, Ақбай ауылының тұрғыны:

- Биыл жаман емес, жақсы. Су бар, ешқандай қиыншылық көріп тұрған жоқпыз. 4-5 күнде піседі деп отырмын. Қауын, қарбызды Ақтөбеге апарамыз. Трассаның бойындағы базарға келіп отырамыз. 40-50 тоннадай кетеді ғой.

Осыдан екі жыл бұрын ғана Арал ауданында небәрі 200 гектар жерге егін егілген. Биыл бұл көрсеткіш 5 есеге артып отыр. Осыдан 3 жыл бұрын қуаңшылық кезінде қазылған 13 су ұңғымасы мен 8 су арнасының арқасында соңғы 15 жыл бойы егіннен қол үзіп қалған елді мекен тұрғындарының жерден несібе теруіне мүмкіндік туды. Осыны ескерген мамандар келесі жылы аудандағы суармалы жер көлемін 3 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев