Шымкентте ірі каналды күрделі жөндеу қарқынды жүріп жатыр

Шымкентте ірі магистралды каналды күрделі жөндеу қарқынды жүріп жатыр.

Жұмыс жақында аяқталуы тиіс. Ұзындығы 22 шақырымнан асатын арнаның ернеуін бетондау сәуір айында басталды. Әуелі канал қоқыстан тазартылды. Себебі бастауын Бадам су қоймасынан алатын арна күл-қоқысқа толып кеткен. Соның салдарынан дендросаябақтың жасанды көлі тартылып,  Сайрам тұрғын алабындағы мың гектардан астам егістікке су жетпей қалды. Жазда судан тарыққан шаруалардың жанайқайынан кейін құрылыс 15 күн сайын тоқтап, суармалы жерлерге су беріліп отырды.  Салаға жауаптылар күрделі жөндеу жұмыстарын уақытынан бұрын аяқтап, қазан айында пайдалануға бермек. Қазіргі таңда шаһардағы 7 су арнасында қалпына келтіру мен күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Әбілқайыр Оңғар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Шаруалардан судың жетіспеушілігі немесе судың басқа арнаға бұрылып кетуі бойынша мәселелер көтерілген. Осы құрылыс аяқталғаннан кейін ол мәселелер 100% шешімін табады деп күтілуде. Арнаны бетондау арқылы суды жоғалту жағдайы болмайды мұнда. Яғни бастапқы Бадам су қоймасынан шыққан 1 литр су түпкілікті жағдайда 1 литр болып барады.