Елде екі мыңнан аса тарихи нысан цифрландырылды

Қазақстандағы екі мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткішке QR-кодтар орнатылған.

Соның нәтижесінде қазақ тарихымен танысқысы келетін туристер интернеттен нысандар жайлы мағлұмат алу мүмкіндігіне ие болды.

Талдықорғанда тарихи мәдени-нысандарды цифрландыру 2013 жылы басталды. Сол кезде бірнеше ескерткішке QR код орнатылды. Сонымен қатар  «Жетісу 360» порталы арқылы 3Д форматында аймақ тарихымен, ұлт перзенттерінің өмірімен танысу мүмкіндігі ұсынылды. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Цифрландыру басталған он жылда Жетісу облысындағы 284 ескерткішке    QR код орнатылды. Саладағылар  бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін 2024-2025 жылдарға арналған жоба жасады. Соған сәйкес енді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген және петроглифтер бейнеленген аймақтарға да арнайы белгісі бар тақтайшалар қойылады. 

Шынар Саматова, Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың маманы:

- Арқарлы петроглифтеріне және Талдықорған қаласынан табылған некрополь бойынша ескерткіштердің тарихы жазылған QR код орнатылатын болады. Оның себебі жастарды өзіміздің тарихымызды таныстыру мақсатында орнатылады. шамамен 30-40 археологиялық ескерткішке орнату жоспарда бар.

Жамбыл облысында мемлекет қорғауына алынған 3500 ден аса нысан бар. Солардың 41 цифрландырылды. Негізінен туристер көптеп баратын тарихи орындар қамтылған.

Қуаныш Дәуренбеков, Жамбыл облыстық тарихи мәдени ескерткішті қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры:

- Негізгі тарихи нысандарға байланысты ақпараттық тақтайлар орнатылды. Мысалы, Ақыртас Өрнек қалашығына, қасымыздағы Қостөбеде, Құлан, Ақтөбе-Баласағұн қалашықтары  соңғы қазба жұмыстарын жүргізген Барқуат қалашықтарына ақпараттық тақтайшаға QR ар код қойылып жатыр. Бүгінгі күні қай нысан тамашалаушыларға оған ақпараттың бәрі қойылады.

Айдын Қапашев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің МКТ орынбасары:

- Жалпы бүгінгі күні бізде 2190 тарихи мәдени мұра QR кодпен қамтамассыз етілген. Аймақтар бойынша QR кодпен ең жақсы жұмыс істейтін Алматы облысы - 544, Жетісу -245, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Астана -112 қаласын атап өтуге болады.

Комитет мәліметі бойынша елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени нысан есепке алынған. Бүгінгі күнге дейін соның екі мыңнан астамы цифрландырылды. Қалғандарына да кезең кезеңмен QR код орнатылып, ұлт мұрасы кеңінен насихатталмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов