Шымкентте ауыл шаруашылығын дамыту кластері құрылады

Шымкентте үй іргесіндегі шаруашылыққа берілген жер телімдерінде бақша өнімдері өсірілуі тиіс. Осы мақсатта ауыл шаруашылығын кешенді дамыту кластері құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар бұл бастама құлпынай, ащы бұрыш, көкөніс пен тауарлы балық өсіруде тиімділігін көрсететініне сенімді.

Көкөніс пен бақша дақылдарынан мол өнім жинау үшін заманауи мүмкіндіктерді пайдалану маңызды. Көрмеде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге түрлі органикалық тыңайтқыштар мен химиялық қоспалар, көшеттердің соңғы сұрыптары ұсынылды. Сондай-ақ ұшқышсыз дрондар мен автопилот жобасы таныстырылды. 

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

- Жалпы егістікке қатысты барлық циклды технологиялардың бәрін осы жерге шақырдық. Яғни, бір алаңға 10-нан аса компания қазір қатысып отыр. Негізгі мақсатымыз – тиімділігін көрсету.

Амангелді Тіркешов ашық аспан астындағы көрмеде тамшылатып суару технологиясына таңдау жасады. Тәжірибелі диқан 7 гектар жерді игеріп, мал азығын өндірумен айналысады.

Амангелді Тіркешов, шаруа:

- Жаңбырлатып, тамшылатын суару ұнады. Негізі жоңышқаны жақсы суарса, 5 рет орып алуға болады беймарал. Әйтпесе, арықпен беріп жатырмыз ғой.

Семинарда сөз алған қала әкімі Мұрат Әйтенов үй іргелік жерден 3 рет өнім алу жобасын қолдауға шақырды. Себебі өңдеуші кәсіпорындар арасында ауылшаруашылық өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан диқандар мен тауарды терең өңдеушілер тығыз байланыс орнатып, кластерді дамытуға басымдық берілмек.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Бұл жерге тікелей біздің мамандарымыз, арнайы колледждердегі ғалымдарымыз, республикалық қоғамдық бірлестіктер – бәрі қатысып отыр. Кәсіпкерлер осы диқандармен тікелей жұмыс істейтін жоба басталып кетті.

Шымкентте 27 мың гектар алқапқа дәнді және мал азығы дақылдары, көкөніс пен бақша өнімдері егілген. Биыл 87 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.