Қызылорда облысында құрылыс саласының үздіктері марапатталды

Биыл Қызылорда облысында 692 мың шаршы метр баспана тұрғындардың игілігіне тапсырылады.

Жалпы іске асып жатқан құрылыс жобалары былтырмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді.   Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда өткен ауқымды мерекелік кеште сала майталмандары құрметке бөленді.

Қызылорда облысында құрылыс қарқынды. Биыл өңірде 26 көпқабатты үй мен 62 әлеуметтік нысан салынып жатыр. Жыл соңына дейін 692 мың шаршы метр баспананы тұрғындар игілігіне беру жоспарланған. Алдағы 3 жылда облыста 21 жайлы мектеп бой көтереді. Бұл жетістіктер құрылысшылардың ерен еңбегінің жемісі, - деді облыс әкімі сала үздіктерін марапаттау шарасында. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Биыл облыс орталығында заманауи сипаттағы неке сарайы, өнер орталығы, жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы құны 2 млрд 200 млн теңгенің қан орталығы мен құны 7 млрд 600 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы мектеп-интернатын ел игілігіне табыстайтын боламыз.

Аймақ басшысы сала үздіктерін «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі және  алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты шарада өңір дамуына сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайреткері Қожахмет Баймахановқа Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Қожахмет Баймаханов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Халық осындай құрылысшылар бізге салып беріп еді деп аудандағы мектептер, ауылдағы мәдениет үйлері, ауруханалар – осының барлығы құрылысшылардың қолында ғой. Сондықтан мен өзімнің құрылысшы болғаныма мақтанамын. Осындай жақсы құрылыстар көп болсын.

Мерекелік кеш еліміздің эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.