Өскеменде көмір саудасы қызды

Өскеменде көмір маусым айының соңынан бері сатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жылдағыдай күзге салым қойма алдында ұзын-сонар кезек болмас үшін биыл ерте қамдандық. Қазір тұрғындардың үштен бір бөлігі қысқа дайын. Жергілікті билік әлеуметтік желі арқылы хабарлап, жұртты ертерек қимылдауға үндеп жатыр. Оның үстіне көмірдің сапасы да жақсы», -  дейді мамандар. Облыс орталығына 90 мың тонна көмір жеткізілген. Тоннасы – 14 мың теңге. Бұл былтырғыдан 2 мың теңгеге қымбат. Дегенмен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге 500 теңге жеңілдік бар. Отынды жеткізу бағасы да 50%-ке арзан.

Олег Фролов, әлеуметтік көмірді жеткізуші:

- Бұрын ұзын-сонар кезек болып, тұрғындар бірталай әбігерге түскені рас. Енді сол жылдар сабақ болған сияқты. Қазір ерте бастан көмір алып, қыстың қамын күйттеп жатқандар көп. Күнделікті жеткізіліп жатыр. Әлеуметтік бағадағы көмірге жыл сайын шамамен 5,5 мың өтінім түсетін. Биыл, мінеки, 1600 адам алып жатыр.