Түркістан облысында канал суы ластанып кетті

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жеті ауылдың тұрғындары Өзбекстан жақтан арықпен келетін суды тұтынады.

Алайда соңғы уақытта каналдың суы қатты ластанып кеткен. «Суда малдың өлексесі мен өлі тауықтар қалқып жүреді», - дейді ауылдықтар. Салдарынан аптап ыстықта жұрт ауыз суды сатып алып отыр. Тұрғындар каналды кезектесіп күзетіп, суды қоқыстан тазартып әлек. 

Р-1 каналы Өзбекстаннан бастау алады. Алайда өткен аптада арықтан тауықтың өлекселері қап-қап болып ағып келген. Жергілікті халықтың сөзінше күніне 10-15 қап өлексені өздері шығарып алған.

Жібек жолы ауылының тұрғындары қазір тәулік бойы канал бойын күзетіп жүр. Себебі арықты тазартпаса, ауру ошағына айналып кете ме деп қорқады.

Сәкен Шоңбаев, Жібек Жолы ауылының тұрғыны: 
- Былтырдан бері қой, сиыр, ит еді, енді мынау тауық ағып келіп жатыр. Енді мынау иісіне шыдауға болмайды халыққа. Қазір бір аптадан бері су ішіп жатқан жоқпыз. Малымызға да беруге жиіркеніп, тоқтап қалғанбыз.  Ертеңгі күні ауру шықса, холера деген бәле ешкім оны тоқтатып қала алмайды. Елу мың халық өліп жатса осы судан.

Нұрсұлтан Қуанышбаев, Жібек Жолы ауылының тұрғыны:
- Таңертеңгісін алты қап, кешкісін алты қап өлексе. Тауықтың өлексесі, иттің өлексесі, малдың өлексесі келеді. Мына иіс осы жерде болғанына қазір он күннен асып кетті. Өзіміз ауылдың азаматтары болып тазалап жатырмыз.

Осы мәселе бойынша Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбырай ауданының әкіміне бірнеше мәрте хабарласып, жағдайды өз көзімен көруді сұраған. Көрші елден арнайы делегация келген. Олар: «Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмейміз», - деп уәде еткен. Алайда арада ресми құжат болмағандықтан, еліміздің Экология министрлігі жағдайды назарға алу үшін Сыртқы істер министрінің атына хат жолдаған. «Қазір жауабын күтіп отырмыз», - дейді. Алайда біздің арна Өзбекстанның Экология министрлігінен тікілей жауап алмады. 

Атхам Құрбанов, ӨР Экология, қоршаған ортаны сақтау және климаттық өзгеріс министрлігінің инспекция басшысы:
- Полигонға келсек, ол экологиялық талаптарға сай салынған. Су арнасына жақын жерде тұр деп есептемейміз. Енді біз өз тарапымыздан арнайы түсіндірме жұмыстарын қолға алдық. Қоқыс тасталуы мүмкін деген орындарға қосымша бейнекамералар орнатылатын болды. Жағдай тәулік бойы министрліктің ахуал орталығында қадағаланады. Біз тек тіршілік нәрінің кедергісіз өтуін қадағалаймыз. Әр көпір аумағында арнайы тор тоспалар бар. Сонымен қоқысты сүзіп алып, жиекке шығармыз.

Еліміздің Экология министрлігі тұрғындардың шағымына байланысты жұмыс тобын құрып, Р-1 каналынан сынама алған. Арықпен өлексенің ағып келіп жатқынын мамандар да көрген. Алайда судың құрамынан адам денсаулығына қауіп төндіретін бактериялардың анықталмағанын айтып отыр. 

Серік Әбділлаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі:
- Екі елдің достастығын үзбеу мақсатында, екі елдің келіссөзін тәртіпті теңдей бөлу мақсатында және де біздің адам капиталының аяқасты тапталмауына байланысты мүмкіндігінше экология тарапынан өзінің құзыреттігі шеңберінде біз бұл кемшіліктерді жоюға іс-әрекеттер жасап жатырмыз қазіргі таңда.

Алайда көпшілік бұл мәселенің жуық арада шешілетініне күмәнмен қарап отыр. Сондықтан проблема екі елдің үкіметі деңгейінде қаралса деген өтініштерін жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов