Q-net қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқару бойынша тергеу аяқталды

Q-net қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқару бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.

Мұның өзі алаяқтарды сескендірер емес. Бір ғана Ақтөбе облысында, жыл басынан бері 500 дерек тіркелді. Интернет желісі арқылы жасалатын қылмысқа қарсы күресті күшейту үшін, елде жедел алдын-алу шарасы басталды.

Q-net қаржы пирамидасына қатысты тергеу амалдары біраз уақытқа созылды. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қалалық департаментінің мәліметінше, 5 айыпталушы бар. Олар 2018 жылдың қарашасынан 2022 жылға дейін ұйымның Алматыдағы филиалдарына жетекшілік еткен. Нәтижесінде 45 салымшыны қаржы пирамидасына тартып, оларға 75 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Қазіргі таңда 5 тұлғаға қатысты тергеу аяқталып, сотқа жолданды. Сот қаулысымен 27,7 млн теңге сомасына мүлік қамауға алынды. Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын және мүлкін тәркілеу мен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастыратынын ескертеміз.

Алаяқтарға қатысты талай сот болды. Бірақ, олар айылын жияр емес.   Ақтөбелік Мариям Амангелді  мықтап алданды. Жақынының кесірінен жол апаты болғанын, сол істі тоқтату үшін қомақты қаржы керек екенін айтып,  біреулер қоңырау шалған кезде, жиған-тергенін ойланбастан беріп жіберіпті. 

Мариям Амангелді, қала тұрғыны:

- Вотцап арқылы звондады. Ресей нөмері болды өйткені. Ол сумманы беріп жібергеннен кейін барып түсіндім. Содан мен сасқалақтап қалып, өзімнің үйде бар екі миллионымды беріп жібердім такси арқылы.

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында интернет желісі арқылы жасалған 500-ге жуық алаяқтық дерегі тіркелген. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі шамамен 70 млн теңгені құрайды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ақтөбеліктер жалақысы мол жұмыс, онлайн-сауда, банктік есеп-шот ашу арқылы табыс табу секілді жарнамаларға сеніп, ақшасынан айрылға 

Қалдығали Мирманов, облыстық ПД криминалды полиция басқармасының жедел уәкілі:

- Алаяқ басқа елде отырып, өзінің қылмыстық әрекетін жүзеге асыра береді. Сол себептен бұл қылмыстың ашылуы күрделі болып келеді. Көптеген күрделі процестерден тұрады. Қазіргі таңда 30-ға жуық пайызы ашылып отыр.

Қазір алаяқтық қылмыстардың ашылуын жеделдету үшін арнайы топ құрылды.    

Ерболат Масақбаев, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- "Киберпол" топ құрылды. Сол "КиберПол" тобында тергеушілер, жедел уәкілдер, IT-криминалист т.б. қызметкерлеріміз бар, жұмыс істейді. Именно интернет-алаяқтықпен тез арада шешім қабылдау, жәбірленушілердің келген өзінің мәселелерін тез арада шешу және де банктің қызметкерлерімен де жұмыс істейміз тығыз.

Тәртіпсақшылар бұл қылмыс түріне қарсы жұмыс енді күшейетінін айтады. Бүгіннің өзінде ел бойынша ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін кезекті «Хай теч» шарасы басталды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев