Премьер-министр Шахтинск қаласында кеңес өткізді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға жыл сайын көбейіп келеді. Бұл туралы Үкімет басшысы Шахтинск қаласындағы кеңесте айтты. Әлихан Смайылов қайғылы оқиға өнер-кәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» басшылығының сөзі мен ісі сай келмейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл – ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірнеше жылдар бойы қайғылы салдарға әкеп соғуда. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталануда. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келуде.

Қазір аймақтағы экологиялық жағдай да күрделі. Теміртаудағы барлық зиянды түтіндердің 88% осы кәсіпорынға тиесілі. Нәтижесінде қала тұрғындары онкология және тыныс алу жолдары ауруларына шалдығып жатыр. 2021 жылы 3 млрд доллардан астам сомаға жаңғыртуға инвестициялар құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда компания тек 1 млрд доллардың жобасын ұсынды. Премьер-министрдің айтуынша, «Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес еді».

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін – екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды.