Алимент төлемегендердің қарызы 166 млн-нан асқан

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері алимент төлеуден қасақана жалтарған 8 адам қылмыстық, 98 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 14-нің ісі алдағы уақытта сотта қаралмақшы.

Бүгінгі күні өңірде ата-аналық міндетін орындамай жүрген 170 адам бар. Оның 50-і безбүйрек ана. Ал олардың жалпы берешегі 166 миллион теңгеден асып кеткен.

Қаржыны өндіріп алу үшін іске прокурорлар араласты. Құзырлы орган өкілдері өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған 71 сот орындаушыны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Енді бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі. Қазір аймақта 53 азаматқа іздеу жарияланған.

Әбу-әли Саттар, облыс прокурорының бірінші орынбасары:

- Қарызын уақытылы өтемей жүргендердің дені жұмыс таппадым деп түрлі сылтау айтады. Такси жүргізушісі болып, табысын жасырып жүргендер де бар. Мәселен 69 тұлғаға қатысты жүргізуші куәлігін тоқтата тұру шарасы қабылданды. Біз берешекті өндіріп алу үшін жұмысты жалғастыра береміз. Жалпы қаңтар айынан бері алимент бойынша қарыз көлемі екі есеге дейін төмендеді.