Роботехника олимпиадасының жүлдегерлері Панамаға барады

Республикалық роботехника олимпиадасының жүлдегерлері осы күзде Панамаға барады.

Ол жерде World Robot Olympiad дүниежүзілік жарысына қатысады. Бүгін 300-ге жуық оқушы Алматыда робот жасаудан сынға түсіп жатыр. Үздіктер отандық құрама команданың қатарына қосылады.   

Ұлан Айтбай Маңғыстау облысынан келген. Қасында өзі сияқты роботехникаға бейім достары бар. Барлығы болашағын айтимен байланыстырады. Жобаны бірігіп жасаған. Робот кеме қатынасын жақсартуды, яғни ондағы жүкті жылдам жеткізуді көздейді.

Ұлан Айтбай, мектеп оқушысы:
- Осы олимпиадаға келіп отырған себебіміз, қазіргі айти саласын дамытқымыз келеді. Қазақстанда байлықтың барлығы бар. Жапония, Корея, Қытай солардың дәрежесіне жеткізуіміз керекпіз. Яғни ол үшін айти саласын дамытуымыз керек. Біздің жоба АМС деп аталады. Яғни жұмысшы роботқа келеді. Робот оның денсаулығын текереді де, барлық қажетті ақпаратты принтермен шығарып береді.

Кейін оны жауапты маман кемеге QR арқылы тексеріп кіргізеді. Жас өнертапқыштар қызметкерлердің денсаулығы жақсы болса, жүк те тез жетеді. Олай болмаған жағдайда кеме жағалауға тоқтап, уақыт жоғалтады деп есептейді. Оралдық Аяжан мен Махаббаттың жұмысы да кісі қызығарлық. Оны әлеуметтік жоба десе болады. Әсіресе құлағының мүкісі бар жандарға таптырмас дүние.  

Аяжан Аманшиева, мектеп оқушысы:
- Алып келген жобамыз айконик көзілдірігі. Сөйлей алмайтын адамдар мен құлағы нашар еститін жандар осы көзілдірікті киіп керек уақытында, яғни дүкенге барғанда нан алғысы келсе, өзінің ым тілімен көрсететін болады. Соны көзілдіріктегі камера жақсы түсіріп алып, экранда көрсететін болады.

Яғни камера ым тілін өзі оқиды. Ал сол жазу болып экраннан шығып тұрады. Олар көзілдірікті жетілдіре түсуді осылай жоспарлап қойған. Әзірше компьютерден ғана көре алады.

Олимпиада бірнеше санатқа бөлінген. Балалар тапсырма бойынша конструкция мен бағдарламасын жасайды. Оған қоса, шығармашылық жобалар да бар. Ал соңғысы робоспорт. Яғни роботеннис өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылардың қызығушылығы өте жоғары.

Ясинжан Шаһан, робототехника жаттықтырушысы:
- Бұл жерде тек Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ғана емес, жалпы білім беретін мектептерден қатысатын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Биылға 264 оқушының 110 оқушысы жалпы білім беретін мектеп оқушыларынан. Роботтың түрлері өте көп. Негізгі категория роботта лего ево три деген арнайы компоненті бар, содан жасалады. Ферст деген конкурс оған спайк түрлері қажет болады. Одан ары қарай вегс дейді.

World Robot Olympiad дүниежүзілік робот олимпиадасы осы күзде Панамада өтеді. Оған кімдердің баратыны ертең белгілі болады. Еске сала кетейік, былтыр қазақстандық оқушылар Германияда болған осы жарыста екінші орынға ие болған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенде Амраев