Бұқтырма көпірінің құрылысы шатқаяқтап тұр

Шығыс Қазақстанда Бұқтырма көпірі құрылысының тығырыққа тірелер түрі бар.​

Өйткені жобаны қаржыландыру жағынан кедергілер туындап жатыр. Мердігер ұйым өкілдері, «қазір жұмысты тоқтатпаудың қамын жасаудамыз», - дейді. Алайда қаражат уақытылы бөлінбесе, көпір құрылысын аяқтау мерзімі созылып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Көпір құрылысы тоқтап қалуы мүмкін деген қауесет қарапайым жұртты елең еткізді. Әсіресе арғы беттегі Күршімдіктердің көңілі күпті. Тағы да ескі паромға қарап қалдық па деп налиды. Ермек Есенбаев кемеге кестеге сай дәл уақытында келсе де, көлігі сыймай қалды. Енді мінеки жағада тұр.Үш паром елді тасып үлгерер емес.

Ермек Есенбаев, жолаушы:
- Екі сағат кешігеміз баратын жерімізден. Келесі паром келгенше бірталай тосамыз.

Бұқтырманың үстіндегі бұл құрылыс екі жыл бұрын басталды. Ені - 12, ұзындығы -1 300 метр. Елдегі ең ұзын гидроқұрылғының бірі. 2025 жылы аяқталуы тиіс. Осы уақытқа дейін 27 миллиард теңге игерілді. Ал биылға жоспарланған жұмыстарды бітіру үшін әлі 10 миллиард теңге қажет.

Әсет Сұлтанов, Мердігер компания директорының орынбасары:
- Ұзаққа созылып кетуі мүмкін,сондықтан да бізге үздіксіз қаржыландыру керек. Биылғы жылдағы жоспарлап отырған жұмыстарды аяқтау үшін шамамен алғанда кем дегенде 10 миллиардтан астам қаражат керек, осы биылға көпірдегі жоспарланған жұмыстарды аяқтау үшін. Жалпы жобаны аяқтау үшін 34 миллиард теңге керек.

«Көпір салу екі тіреуді қағу емес», - дейді бұл жердегі бас маман Нигматулла Абдулхақов. Мәселен біз барған күні аралықтар монтажы жүріп жатты. Сондықтан біздің алаңға кіруімізге тиым салынды. Құрылысшылармен тек кешқұрым ғана тілдестік. Айтуларынша, қаражат мардымсыз бөлініп жатса да, жұмыс тоқтамаған.

 Нигматулла Абдулхақов, көпір құрылысының басшысы:
- Суық түскенше барынша тіреулерді көтеруге тырысамыз. Жоқ дегенде орта тұсқа дейін жетсек пе деп тұрмыз. Қыста да жұмыс көп. Аралық темірлердің беріктігін күшейту, дәнекерлеу, арматура байламдарын жасау, жалпы бетонға қатысты емес шаруаның бәрін істейміз.​

Құрылыс басында 200 адам жұмыс істеп жүр. Уақытша көпір аяқталуға жақын, қиылысуына 280 метр қалды. Күн суығанша меже көп. Қыста да қыруар шаруа тұр. Қаржы қолды байламаса болғаны.

Эльмира Ахметова, тілші:
- Көпір құрылысының құны әп дегенде 30 миллард теңге деп бағаланды. Қазір екі есе қымбаттады. «Жетпей тұрған қаржыны бөлу бюджеттік кодекс талаптарына қайшы, сондықтан бұл жобаны қаржыландыру облыстық бюджет теңгерімінен, республикалық балансқа өткен жөн», - дейді сарапшылар. Сонда ғана процес үздіксіз жүреді. Қазір осындай ұсыныс хат Үкімет басшысына жолданыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов