«Ұлытау көкжалдары» ұлы дала жорығына аттанды

Санаулы күннен кейін ұлттық спортты насихаттау мақсатында қолға алынған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады. 

Дүбірлі додаға қатысатын командалар кешелі бері бәйгенің басталатын нүктесі - елордаға жиылып жатыр. Бабы келіскен командалардың қай-қайсы болмасын бәйгеден үмітті. Солардың бірі – «Ұлытау көкжалдары» командасы. Аламанға тыңғылықты әзірленген шабандоздар ұлы жорық алдында ауылдастарының батасын алды.

Атқа мінсе арқасы қозатын ағайын жорыққа бет алған ұландарын барша сән-салтанатымен шығарып салды. Аймаққа белгілі атбегілер тұлпардың сырына қатысты ақыл-кеңестерін берсе, қолөнер шеберлері арнайы әзірлеген ат әбзелдерін сыйға тартты. Аузы дуалы ақсақалдар бата берді.

Әбулайс Молақов, еңбек ардагері:

- Осы аламан бәйгеден бірінші орын алып келуі үшін шабандоздарға зор денсаулық тілеймін. Қайтпас қайрат тілеймін, талмас қанат тілеймін. Сәйгүліктердің тұяқұтары мүзілмесін. Аман-есен елге оралып бізді қуантатын жағдай болсын.

«Ұлытау көкжалдары» командасы биыл толықтай жаңарған. Былтырғы құрамнан тек бір ғана шабандоз қалған. Өзгелері жастарға жол беріпті. Сәйгүліктер де Ұлытау мен Жаңаарқада елдің аузына іліккен тұлпарлар.

Медет Әбенов, шабандоз:

- Аттардың дайындығы да аз болып қалды былтыр. Биыл Аллаға шүкір 2 ай боп қалды осы аттарды дайындап, жаратып жатқанымызға. Былтырғы аттар жоқ бұл командады. Бәрі  жаңадан әкелген аттар. Алла қаласы осы аттар жетеді деген үміттеміз.

Амантай Зәмекбаев, атбегі:

- Дайындықтарына өте жақсы баға берем. балалардың да ниеті өте жақсы. сол аттарды сылап-сипап күнделікті тұяғына, басына, көзіне дейін қарап күтім жасады.

14 күнге созылатын марафонға 20 өңірден 20 команда, 100 шабандоз бен 200 ат қатысады. 1300 шақырымдық дода 6 облыс, 12 аудан, 50-ден астам елдімекен шекарасын басып өтеді. Еліміздің қазіргі астанасынан басталатын жорық Сығанақ, Сауран секілді тарихи астаналар арқылы жүріп өтеді. Ал Ұлытау облысында Жошы кешеніне аялдайды. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева