Онкологиялық дерт бәсеңдемей тұр

Онкологиялық дерт жастарды айналдыра бастады.

Елде жылына 37 мыңнан аса адамнан жаңа қатерлі ісік анықталады. Олардың 13 мыңнан астамы дүние салады. Бүгін Астанада өткен "Орталық Азия онкологиялық апталығы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда осы мәселе айтылды. Жиынға Түркия, Германия, Өзбекстан мен Ресейдің жетекші мамандары келген. Енді отандық және шетелдік онкологтар бірнеше күн тәжірибе алмасады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бүгінде елімізде 205 мыңнан астам адам қатерлі ісікпен тіркеуде тұр. Ал онкология бойынша өлім-жітім екінші орында. Сондықтан сала мамандары аты жаман аурудың алдын алу үшін әлемдік тәжірибені барынша енгізу қажеттігін айтады.

Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі обыры бірінші орында. Одан кейін өкпе, асқазан қатерлі ісігі дендеп тұр. Дегенмен сала мамандары соңғы уақытта аты жаман ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік туғанын айтады. Дертке шалдыққан жандарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артқан. Ресми деректерге сүйенсек, ерлерге қарағанда әйелдер көп ауырады. Сондықтан елімізде 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар 2 жылда бір рет тегін скринингтен өтеді. Тексеріс үш бағытта жүреді.

Жақсылық Досқалиев, трансплантолог дәрігер:

- Бүгін рак ауруының нақсы себебі осы деп ешкім айта алмайды. Бірақ алдан алатын шаралар елімізде енгізіліп жатыр. Скрининг алдын ала адамды зерттеу. Профилактика дейді ғой рак шейки матки соның вакцинасы бар. Соны алса әсіресе жас буын қыздарымыз алса келешекте ол қатерлі ісікпен ауырмайды деген сөз. Балалар онкологиясы, онкогемотология дейді. Осыған байланысты үлкен қаражат бөлініп кішкентай сәбилерді аман алып қалуға үлкен күш жұмсалатын болады.

Заманауи медицинада қатерлі ісікті ерте анықтауға болатын түрлі жолдары бар. Ең бергісі жыл сайын скринингтен өтіп тұру. Сондай-ақ, онкологтар салауатты өмір салтын сақтамау, өзге аурулардан дұрыс емделмеу осы дертке әкеп соғуы мүмкін деп отыр. Бірінші және екінші сатыдағы обыр емге көнеді. Ал асқынған жағдайда онымен күрес те қиындай түседі. Сондықтан ауруды ерте анықтау өте маңызды.

Әділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология орталығының Басқарма төрағасының орынбасары:

- Аурудың алдын алу бір, екінші онкологияға әкеп соғатын созылмалы аурулардың алдын алу керек. Адам уақытында тексеріп жазылып кетеді. Қатерлі ісіктен 1-2 сатысында анықьталып емделсе құлан таза жазылып кетеді. Скринингтен өтіп отыру керек.

Ал Астанаға арнайы келген шетелдік онкологтар обырды емдеудің тың тәсілдері мен радиациялық онкология және ядролық медицина саласын дамыту мәселесін талқылады.

Яхия Зияев, Өзбекстан онкология орталығының бөлім басшысы:

- Өзбекстан да соңғы 5-6 жыл ішінде онкологиялық аурулардың алдын алу жолдарын енгізіп жатыр. Бізден бауырлас Қазақ елінің дәрігерлері көш ілгері. Себебі, мұнда онкологиялық орталықтар бізден ерте ашылды. Сондықтан тәжірибе алмасуға жиі келіп тұрамыз.

Айта кету керек жыл соңына дейін Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ғимаратының екінші корпусы пайдалануға берілмек.  Мамандардың айтуынша, ғылыми орталық онкология саласында озық технологиялармен жабдықталып, емдеудің бірегей әлемдік тәсілдерімен жұмыс істейді. Ал Президент тапсырмасымен, елімізде онкологиялық ауруларды емдейтін 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленді. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов