Атырауда лудомандарға арналған орталық ашылды

Осы Атырауда лудомандар мен олардың жақындарына арналған орталық бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Психологтар кеңес береді, заңгерлер қарыздан құтылудың жолын айтады. Өйткені жыл өткен сайын құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. 

Орталықты ашқан Нұртас Нұрғалиұлы да 12 жыл бойы құмар ойынға тәуелді болған. «Жаңа өмір» теориясының авторы қарызға белшеден батып, отбасының берекесі кеткенін жасырмайды. Тіпті үйі мен астындағы көлігін сатып, ақшасын құмар ойынға тіккен. Кейін ес жиғанда бәрінен айырылғанын бір-ақ ұғыпты. Десе де ешқашан кеш емес, - дейді ол. Алматыдағы оңалту орталығында емделіп, қазір дертінен құлан таза айыққан.

Нұртас Нұрғалиұлы, орталық жетекшісі:

- Ең соңғы бәс тіккен кезімде «мен ақшаға ойнамаймын» деген ой келді. Басында ақшаға ойнайтын едім, қарыздан құтыламын деп. Сонда менде басқа тәуелділіктер сияқты, тәуелді адам екенімді сезіндім. Әлсіздігімді мойындағаннан бастап, өз-өзіммен жұмыс жасадым. Көп адам лудоман шегіне жетіп, суицидке дейін барады. Соған дейін жеткізбей, альтернатив ретінде адамға ой-санасын өзгертіп, ем жүргіземіз. Ойыншы ойыншыны түсінеді. Бұл – жұмыс жасайтын теория. Алдыма келген адамның не сезінетінін мен 100% түсіне аламын.

Нұртас өзі секілді тығырыққа тірелген тағдырластарына көмектесуді ойлайды. Сол үшін «Жаңа өмір» теориясын қолға алып, орталық ашқан. Мұнда келген лудомандар мен олардың туыстары психологиялық кеңес алады. Ал заңгерлер қарыздан құтылу жолдарын түсіндіреді.

Темір Рамазанов, психолог:

- Қазіргі таңда «игромандар» барлығы жалғыз. Өз-өздерімен, ешкімге сырын айтпайды. «Алкоголиктер» мен «наркомандарды» беттеріне қарап білетін болсақ, «игроманды» ажырата алмаймыз. Сол себепті көп «игромандар» өздерінің ауру екенін мойындамайды. Тек шегіне жеткенде түсінеді. Алдымызға келген лудоман өзін мойындау керек. Оның өзін 30%-ке жеңіс деп айтуға болады. Содан кейін адаммен жұмыс істеу оңай болады.

Қазір орталықта 3 адам жұмыс істеп жатыр. Нұртас Нұрғалиұлы алдағы уақытта көрші облыстарда да осындай орталық ашқысы келеді. Құмар ойынның құрығына түскендерге көмек көрсетсем, - дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.