«Хабар» арнасы «Тағдырға сен» телесериалын ұсынады

«Тағдырға сен». Түрік елінде қалың көрерменнің қошеметіне ие болған осы бір туынды енді «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

Телесериал бүгін сағат 20:00-де көзі қарақты көрерменге жол тартады. Кейіпкерлерді қазақ тілінде сөйлеткен кімдер? Туынды несімен ерекше ?

Ілияс пен Гүлнәр телесериалдағы басты рөлдерді сомдайтын жігіт пен қызды дыбыстайды. Екеуі де – тәжірбиелі маман. Мәселен, Гүлнәр осы уақытқа дейін әлемдік деңгейдегі «Кек алушылар», «Аватар» фильмдерінің кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен. Дубляж жасау кезінде актердың болмысын жан-жақты ашып оның мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін ұштастырып, көрерменге жеткізу маңызды дейді.

Гүлнәр Орманова, дубляж актері:

- Басты кейіпкер – Сейран. Ол қыз өзі өте білімді. Өзінің сөзін тіке айта білетін. Бұл жерде жалғыз актерлар ғана емес. Осында жүрген аудармашылар, режиссерлар, редакторларымыз бар. Мамандығым енді актер болғандықтан, әрине, әрбір кейіпке кіріп кетуіміз керек.

Ілияс Базарбаев, дубляж актері:

- Жалпы сериал бойынша басты кейіпкерді сомдаймын, есімі – Ферит. Ферит – негізі құбылмалы жігіт, былай айтқанда көңіл күйі, енді байдың еркетотай баласы ғой. Дубляждың өзі оңай сала емес қой. Сондықтан барынша тырысамыз, көрерменге ұнайды деген ойдамыз.

Телесериалдың сюжеттік желісі өзге фильмдерге ұқсамайды. Сонысымен ерекше. Көрерменді жалықтырып алмас үшін сценарий авторлары туындыны мейлінше мазмұнды, тартымды етуге тырысқан.

Жайна Сламбек, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Бұл, қарапайым айтқанда, Ферит есімді тәлпіш жігіт. Оның атасы – Халис. Халистың әулеті туралы сериал. Сериалда тоғышарлық, менмендік, өркөкіректік, тәрбиесіздік сияқты қасиетсіз дүниелермен жалпы ізгілік жақсыға ұмтылу, имандылық сияқты қасиеттер қатар сипатталады. Сериал Түркияда көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Сондықтан да біз бұл сериалды қазақстандық көрерменге, сериал көрушілерге ұсынайық деп шештік.

Шытырман оқиғаға толы туынды бүгін көзі қарақты көрерменге жол тартады. Сағат 20:00-де «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. 

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Артур Горшняков, Нұрғали Мамырбаев.