Абай облысында сарапшылар АЭС салуға қатысты ой бөлісті

Қазақстанда қауіпсіз атом энергетикасын дамытатын кез жетті». Ғалымдар осылай дейді.

Себебі қазба байлыққа сеніп отыра беруге болмайды. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықта өтіп жатқан  «Семей сынақ полигоны: мұрасы және ғылыми-техникалық әлеуетінің даму келешегі» атты халықаралық конференцияда осы мәселе төңірегінде ойталқы болды.  Жиынға шетелдерден де ғалымдар келді. Елде атом электр стансасын салуға қатысты сарапшылар өз ойын ортаға салды.

Жапония, Қытай, Франция, Венгрия, Греция, Ресей мен Қазақстан ғалымдары радиациялық экология, атом және сутегі энергетикасы саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылады. Ядролық қаруды таратпау тақырыбы да сарапшылардың басты назарында.

Кенжи Камияма, Атом энергиясы агенттігі директорының орынбасары:

- Біз 20 жылдан бері қазақстандық ғалымдармен бірлесе зерттеу жүргізіп келеміз. Соның бірі – халыққа ауыр зардабын тигізген үлкен апаттарды зерттеу. Бұл жұмыстың нәтижесі Жапонияның энергетикалық келешегіне әсер етуі мүмкін. Сіздердің Ұлттық ядролық орталықтарыңызбен ынтымақтастық бізге бұрын-соңды қолымыз жетпеген тың мәліметтерді алуға мүмкіндік беріп отыр.

Болжам бойынша 10 жылдан кейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы сезіле бастауы мүмкін. Кеңес дәуірінде салынған жылу электр станциялары ескірген. Бұл түйткілдің түйінін тарқатудың бір жолы – қауіпсіз атомды тиімді падалана білу, - дейді отандық ғалымдар.

Эрлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталығының директоры:

- Жасыратыны жоқ, бұрынғы Семей сынақ полигонынан жұрттың жүрегінің шайлығып қалғаны рас. Халықтың көңілінде үміттен гөрі үрейдің басым екенін түсінуге де болады. Алайда өмір бір орнында тұрмайды ғой. Атом энергиясын бейбіт түрде пайдалану – бізді ғана емес, төрткүл дүниені толғандырып отырған мәселе. Өйткені қазір атом энергиясы барлық салада қолданылады.

Ерболат Қоянбаев, Атом энергиясы институты директорының орынбасары:

- Жапонияның атом агенттігінің өкілі өздерінде атом энергетикасын қалай дамыту керектігі жайында айтып отыр. Ол – бізге де тиісті мәселе. Жердегі көміріміз де бір уақытта бітеді. Мұнай да, газ да шекті нәрселер ғой. Ертең қоры бітіп, біз энергетикасыз қаламыз ғой. Сондықтан энергетика біздің қауіпсіздігіміз ертеңгі. Ол туралы қазірден бастап ойлана беруіміз керек.

Әрине, энергетикалық қауіпсіздіктің маңызы зор. Елдің қауіпсіздігі бұдан да маңызды. Алайда сала сарапшыларының пайымынша, техника мен технология дамыған заманда алаңдауға негіз жоқ. «Қазіргі реакторлармен бұрынғыны салыстыруға келмейді», - дейді ғалымдар.

Сергей Лукашенко, Бүкілресейлік радиология және агроэкология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері:

- Әлбетте, елдің қауіпсіздігін естен шығаруға болмайды. Бірақ өздеріңіз ойлап көріңіздерші, реактор құрастырып жатқан адамдар халықты да ойлайды ғой. Олар да елмен бірге осында тұрады. Осы жердің ауасын жұтады. Әрине, Чернобыль оқиғасы ойымыздан кетпейді. Бірақ ол – 60-шы жылдардың реакторы. Қазір ХХІ ғасыр ғой.

Жиында Қазақстан мен шетел ғалымдары атом энергетикасының қауіпсіздігі мен термоядролық энергетиканы дамыту тұрғысындағы тәжірибелерін ортаға салды. 3 күнге созылатын конференцияда білікті мамандар 150-ден астам баяндама жасайды деп күтілуде. 

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.