Өмірдің мәнін омарташылықтан тапқан

Табиғаттың бергенін пайдаланып, оған еш зиянын тигізбей өмір сүру.

Бұл Жетісу облысының Лепсі ауылында тұратын Фархат Абузяровтың өмірлік ұстанымы. Үш атадан бері омарташылықпен айналысатын ол өзге де ара өсірушілерге көмектесіп келеді. Кәнігі маман жер жәннәті Жетісуда өндірілген балды Жапония, Қытай және Араб елдері мен Еуропаға экспорттайды.

Фархат Абузяровтың қолындағы түтіндеткішті кезінде оның атасы қолданған. Одан кейін әкесі енді міне өзі пайдаланып жүр. Сондықтан отбасы үшін ол көне жәдігердей құнды. Ұрпақ сабақтастығын жалғаған ұл өмірдің мәнін омарташылықтан тапқан. 

Фархат Абузяров, омарташы:

- Аралардан көп нәрсе үйрену керек адамдарға. Олардың жұмыс істегені бір бірімен қарым қатынасы бәрі өте дамыған. Адамдар оған жете алмады деп ойлаймын. Олардың тамақ ішкені жұмысы бәрі дұрыс қойылған. Соның біразын жасаса жақсы болады.

Фархат бала күнінен үйренген істі жалғастырып, білім алу үшін Рязань қаласындағы омарташылық академиясына түскен. Жары Зарина екеуі аталған жоғарғы оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Мамандық алып елге келген соң олар ата кәсіпті өркендетуге шындап кіріседі. Ерлі-зайыптылар оншақты  жылда омарта санын арттырып, өз саласының нағыз майталманына айналды. 

Фархат Абузяров, омарташы:

- Біз органик болғаннан кейін химиялық препарат пайдаланбаймыз. Аралар бірнеше жыл қиын жағдай болды. Қазір аралар үйреніп кетті. Мен омарташы маманы болғаннан кейін аралар жақсы болып кетті.  Ана химияны бере бергеннен олар жаман болып кетеді. Иммунитеттері түседі. Химия бермесең өздері күш жзинап алады. Табиғаттың күші береді.

Лепсі ауылының халқы негізінен омарташылықты кәсіп етеді. Ауа райы қолайлы болған жылы олар мол өнім алып, оны сата алмай қиналатын.  Саладағы өзекті мәселені шешуді Фархат ұсынды. Ол жергілікті атымтай жомарттардың біріне балды ыдысқа құятын кәсіпорын ашу керектігін айтқан. Бастамасы қолдау тауып заманауи цех іске қосылды. Өндіріс жолға қойылған соң саладағылар жаңа бағытты игере бастады. 

Зарина Абузярова, технолог:

- Біздің аймақ экологиялық таза болғандықтан осы жердегі жеміс жидектерге де сұраныс көп. Сондықтан біз сублиматор сатып алдық. Құрылғымен таудағы бүлдіргенді, таңқурайды, өзге де өсімдіктерді кептіріп шай жасаймыз. Әзірге шайдың төрт түрін дайындадық. Олардың бәрі пайдалы, емдік шай болып есептеледі. 

Омарташылар әулеті бал өнімдерімен қатар енді кептірілген жеміс-жидек сату ісін дамытуды жоспарлап отыр. Осылайша олар шағын ауылда тағы бір саланың негізін қалап, өндірісті өркендетпек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев