БҚО-да дәрігерлер обырмен ауыратындарға операция жасау әдістемесін өзгертті

Биыл Батыс Қазақстан облысындағы онкологиялық диспансерге жаңа медициналық құрылғылар алынып, дәрігерлер операция жасау әдістемесіне бірқатар өзгеріс енгізді.

Соның нәтижесінде науқастарды емдеу ісі жақсарды. Аймақта обыр ауруы дендеп барады. Қатерлі дертке жылына кемінде 1300 адам шалдығады.

Марат Жиенәлиев онкологиялық диспансерге тамыз айында түсті. Оның өкпесінен обыр белгілері табылыпты. Шұғыл жасалған операция арқасында науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарған. 

Марат Жиенәлиев, емделуші:

- Өкпеден бірдеңе тауып алып, сонымен нетті ғой. Флюорографиядан өттім, рентген, сосын эхо, бәрінен өттім. Қазір жағдайым жақсы. Міне жүрмін. Докторлар жақсы. Қарауы жақсы, тамақтары, бәрі. +Қарайды, бәрі неткесін шығаратын болар енді. 

Мамандар онкологиялық аурулардың өршіп бара жатқанын айтады. Мысалы, 90-жылдардың аяғында өңірде жылына орташа есеппен 800 адам қатерлі ісікке шалдықса, қазір 30 пайызға ұлғайған. Науқастардың көбі тыныс алу және ас қорыту жүйелерінің кеселімен ауырады. Жергілікті дәрігерлер осы ісіктерді емдеу әдістемесін жетілдіре бастаған. 

Тайман Аманов, онкохирург:

- Методика өзіміз ойлап таптық. Бұрын біздер Москвадағы академик Давыдовтың методикасымен жасаған едік. Қазір соны аздап өзгертіп, өзіміздің методикамызбен жасап жатырмыз. Қазіргі жағдайда өте жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Бірінші сатысында 100 пайызға дейін жазылуға мүмкіндік бар. Ал екінші сатысында 70-80 пайызға дейін мүмкіндік бар. Енді үшінші, төртінші сатысында өмірін ұзартамыз, ал былай қиындау болады өте. 

Диспансерде жылына мыңнан астам операция жасалады. Қазір хирургия бөлімінде 45 адам емделіп жатыр. Мамандар дертке шалдығудың негізгі себебін жан күйзелісімен байланыстырады. Созылмалы аурулармен уақытылы жасалмаған күрес те осындай жағдайға әкеледі. Обырды емдеудің үш тәсілі бар. Операция жасау, дәрі-дәрмек беру және сәулелік құрылғымен емдеу. Соңғы әдіс дәрігерлерге қиындық тудыратын. Себебі ескі жабдықтың бар мүмкіндігін пайдалана алмады. Енді бұның бәрі артта қалды. Диспансерде жаңа сәулелік аппарат пайда болды. Осылайша уақыт үнемдеп, сапаны арттыруға жағдай бар. 

Александр Кузнецов, облыстық онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:

- Науқасты сәулелік құрылғымен емдеу алдында оған мынандай арнайы қорғаныш бетпердесі тағылады. Сосын екінші кабинетте отырған мамандар компьютер арқылы осы жабдықты басқарып отырады. Әр науқасты емдеу барысы небәрі 3 минутқа созылады. 

Сонымен қатар жаңа компьютерлік томография орнатылды. Жалпы негізгі медициналық жабдықтар жеткілікті, дейді дәрігерлер. Олар тұрғындарға жыл сайын медициналық тексерістен өтуге кеңес береді. Себебі ерте анықталған кеселді жеңу әлдеқайда оңай болатынын ескертеді.  

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов