БҚО-дағы мұнай компаниясына айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының араласуымен ел қазынасы 11 миллиард теңгеге толықты.

Жуырда прокурорлардың ұсынысымен өңірдегі ірі мұнай-газ өндірушілердің бірі саналатын «Жайықмұнай» ЖШС-і тексерілді. Нәтижесінде кәсіпорынның салықты тиісті мөлшерде төлемей отырғаны анықталды. Нақтырақ айтқанда, компания корпоративті табыс салығы мен қосымша құн салығының көлемін азайтып көрсеткен. Соның салдарынан 9 миллиард теңге бюджетке түспепті. Қазір аталған сома толық өтеліп, салықтан жалтармақ болған серіктестікке айыппұл салынды.

Дәурен Омарғалиев, БҚО прокурорының бірінші орынбасары:

- Салық заңнамасын бұзғаны үшін «Жайықмұнай» ЖШС «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 278 бабының 1 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 миллиад теңге айыппұл салынды. Айыппұл мемлекетке толық өтелді. Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 11 миллиард теңге төленді. Тексеріс жалғасуда.