Қостанай облысындағы машина жасау зауыттарына білікті мамандар қажет

Қарқынды дамыған машина жасау саласы жаңа білікті кадрларды талап етеді.

Қостанай облысында салынып жатқан қос зауыт мыңға жуық маманды қабылдауға дайын. Жалпы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу туралы мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде ерекше атап өткен еді. Қазірдің өзінде кәсіпорындар кәсіби маман даярлау ісін өндіріс іске қосылмай жатып қолға алған.

Бұл ретте бизнес пен жергілікті колледждер арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Әлеуметтік әріптестік аясында оқу орындары соңғы үлгіде жабдықталып жатыр. Соның бірі автомобиль көлігі колледжінде кезекті заманауи металл құю лабораториясы ашылды.

Металл құю лабораториясы кәдімгі өндірістің шағын нұсқасы іспетті. Зауыт құрылысы қатар жүріп жатқан шақта студенттер тәжірибе жүзінде оқу-құралға арналған шикізатты балқыта алады.  

Эльвира Шакурова, «KAMLIT KZ» зауытының қызметкерлер құрамы бойынша директоры:  

- Мұнда олар қоспаның химиялық қағидаттарын, дайындау, қалыпқа келтіру, балқыту, құюдың ерекшеліктерімен таныса алады. Құю зауытында дәл осы технология ерекше маңызға ие. Бас беріліс қорабының екінші зауытының жұмысы металл, механикалық, термиялық өңдеу ісімен тығыз байланысты. Олар металдың ерекшеліктерін терең ұғынуға ұмтылғаны жөн. Осының арқасында дағдыларын жетілдіре түседі.

Құны 20 миллион теңге тұратын зертхана әлеуметтік әріптестердің жасаған алғашқы сый-тартуы емес. Алдағы уақытта колледждің техникалық базасы тағы екі қымбат білдекпен толыға түседі.  

Дмитрий Павленко, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры:

- Студенттер заман ағымынан қалмай, жан-жақты білімді болуы үшін осындай озық металл құю лабораториясы берілді. Мұнда арнайы қоспа бар. Ол оңай түрде шағын бөлшектерге балқып кетеді. Сөйтіп біз оны қорытамыз. Балалар бұның бәрін осы зертханада меңгеріп алады. Кейін зауытта оны ауқымды түрде қолданып, балқыған бөлшектің салмағы бірнеше тоннаға жететініне куә болады. Осылайша олар өндіріске толыққанды дайын маман боп шығады. 

«KAMLIT KZ» зауытында тек қана жергілікті мамандар еңбек етеді. Олар автомобиль көлігі колледжінде даярланады. Осы мақсатта жаңадан қара металдар металлургиясы деген мамандық ашылған. Мұнда 450 адам білім алады. Никита Тунгусов соңғы курста оқиды. Бітіруші топ үшін қазір жұмыс орындары сақадай сай дайын.

Никита Тунгусов, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 4 курс студенті:

- Биыл осы мамандық бойынша алғашқы түлек атанамыз. Мамандықтың болашағы зор. Әр кезең, тақырып бойынша сапалы білім алып жатырмыз. Оқытушылар құрамының біліктілігі жоғары.

Зауыт іске қосылса, мыңдаған адам жұмысқа қабылданады. Машина жасау саласының дамуымен бейінді колледж жаңадан тағы бірнеше мамандық ашуды қолға алады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг