«Адал еңбек»: мейірбике Манар Тұртұлова медицина саласына 33 жасында келген

Бас ауырып, балтыр сыздағанда ең алдымен дәрігер іздейтініміз хақ.

Осы маңызды мамандықты меңгіріп, тәнге шипа табу ешқашан кеш емес. Мейірбике Манар Тұртұлова осылай дейді. 30 жастан асқан соң медицина саласына келген ол 14 жылдан бері Ұлттық ғылыми онкология орталығында еңбек етіп келеді. Кейіпкеріміз ертең «Хабар» арнасында өтетін «Адал еңбек» телемарафонына қатысады. 

Манар Зейнелханқызы медицина саласына 33 жасында келген. Оған дейін ошақ басында бала тәрбиесімен айналысқан ол алдымен санитар болып жұмысқа кіреді. Кейін арнайы курс ашылғанын естіп, жаңа мамандықты игеруге бел буады. Әрқашан көмекке асық жанның бұл шешімін отбасы да, жақындары да қолдады.

Манар Зейнелханқызы, кіші мейірбике:

- Басында біздің орталықта айтты, тегін оқыту бар, ниеттеніп оқитын адамдар бар ма дегенен кейін оқимын деп шештім. 15 адам оқыдық, 15-тің 13-і бітіріп шықтық. Мүмкіндік туындады, сол мүмкіндікті дұрыс пайдаландым деп ойлаймын.

Мейірбике былтыр 10 ай бойы арнайы курстан өтті. Осы уақыттың ішінде Манар Зейнелханқызы мамандықтың қыр-сырын толық меңгеруге тырысты. Нәтижесінде сертификат алып, қазір науқастарға күтім жасап жүр. «Әсіресе операциядан шыққан науқастарға көбірек назар аудару керек», - дейді ол. Себебі мұнда іспен ғана емес, жылы сөзбен де адам жанына жол табу маңызды.

Манар Зейнелханқызы, кіші мейірбике:

- Мен 46 жасымда білім алдым, диплом алдым. Ешқашан кеш емес. Менен де үлкен 60-қа таяп қалған кісілер болды. 58-де болған. Білім ешқашан кештік болмайды.

Еңсесін еңбекпен түзеген медбике жұмыстан кейін үй шаруасымен айналысады. Сөзден гөрі іске бейім ол басында қоғам назары мен камерадан қаймықты. Алайда кейін «Адал еңбек» телемарафонына қатысуға келісім берді. Ертең ол ауқымды жобаға қатысады.

«Хабар» телеарнасындағы марафон 12:00-ден 16:00-ге дейін жалғасады. Тікелей эфирге өңірлер мен шетелдердегі еңбек ұжымдары қосылады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев.