Қарағандыда жарық сөнуіне байланысты тексеріс жүргізіледі

Қарағандыда неғып жаппай жарық сөнді?

Соның себебін анықтау үшін тексеріс жүргізіледі. Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті 3-і жылу энергия орталығында болған технологиялық жағдайды егжей-тегжейлі зерттейтін болды. Бүгін осы орталықтың 220 кВ-тық құрылғысында қысқа тұйықталу болған. Сондай-ақ 3-і ЖЭО мен Топар энергия станциясын байланыстыратын желілерде  тоқтың шамадан тыс жүктелуі салдарынан қос станцияда генерация төмендеген. Сол себепті қаланың бірқатар бөлігі су мен жарықсыз қалды, интернет байланысы үзілді. Қазір жағдай тұрақталды. Жарық беріліп, су айдайтын сорғылар қайта іске қосылған.

Мырзахан Ахметов, Қарағанды энергоорталығы кәсіпорны басшысының орынбасары:

- Барлық тіршілікті қамту мекемелері қалыпты жұмыс істеп тұр. Қазір 3-ЖЭО үш қазандық пен 2 турбина жұмыс істеп тұр. Станция жұмысы қалыпқа келтірілді. Себебін анықтау үшін уәкілетті мамандардан комиссия құрылды.