Риддерде екінші бу қазандығы іске қосылды

Риддердегі жылу электр орталығындағы 2-ші қазандық іске қосылды.

Жаңа қондырғының техникалық мүмкіндігін байқау үшін, 1-ші бу қазандығының жұмысын тоқтатқан болатын. Осыдан кейін тұрғындар арасында орталық апатты жағдайда тұр деген ақпарат тарап кеткен. Алайда сала мамандары станцияның іркіліссіз жұмыс істеп тұрғанын айтады. Қазіргі таңда магистралды құбырды жөндеу және мекемені коммуналдық меншікке өткізу шаралары жүріп жатыр. Қос бу қазандығы толық қуатқа шықса,  қалаға ыстық су беріледі деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта су қыздыру агрегаттары тағы қысымдық сынақтан өткізіледі.

Дидар Кеңесбаев, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

- Бұл жоспарлы жағдай. Жылу трассасына жөндеу жүргізіліп, ыстық су жіберілген соң 48 сағатта бүкіл жүйені тексеріп шығуымыз керек. Одан кейін қазандықтар отыннан ажыратылып, техникалық зерттеу жүргізіледі. Ақаулар жөнделгесін қайта іске қосылады.